Қазақстанның инновациялық автобусы өз сапарын жалғастыруда. Осыған дейін еліміздің 15 аймағында болған сарапшылар тобы бүгін Қостанай қаласына ат басын тіреді.
Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат – көпшіліктің жаңашылдыққа, ғылымға деген қызығушылығын арттыру. Жергілікті өнертапқыштардың туындыларымен танысып, олардың ең озық дегендерінің ел кәдесіне асуына ықпал ету. Жалпы «Инновациялық форсаж» акциясы 2005-ші жылдан бастау алады. Ал, 2010-шы жылдан озық жаңашыл жобалар қаржыландырыла бастады. Соңғы төрт жыл ішінде 1300 жоба қаралып, оның 206-сына грант берілген. Бұған құйылған қаржының жалпы сомасы 9 миллиард 300 миллион теңге. Қостанайда сарапшылар назарына 10-нан астам жоба ұсынылды. Олардың басым бөлігі баламалы қуат көздерін өндіруге және үнемдеуге бағытталған. Жалпы биыл еліміз бойынша 200 жоба сарапшылардың сүзгісінен өтеді.
Ұлдай Жәркенова, Ұлттық инновациялық агенттіктің сарапшысы:
Бұл инновациялық автобус шарасы аясында бірінші орынға 7 миллион теңге, екінші орынға 2 жарым миллион теңге, үшінші орынға 1 миллион теңге беріледі. Сондықтан әр аймақтан 1 жоба қабылданады.
Дәуренбек ӘБДІБЕК