Алматыда Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды

04.07.2014
Алматыда Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды

Астананың 16 жылдығына тарту ретінде Алматыда 16-шы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Қаланың білім жылы аясында алғаш ашылған білім ошағы, балаларға физика-математика бағытында білім береді. Жаңа оқу жылында онда 768 оқушы әлемдік және отандық білім бағдарламаларымен оқитын болады.

864 орындық жаңа ғимарат 7 бөліктен тұрады. Үлкенді-кішілі спорт зал, медиатека, кітапхана,  конференц залдарынан бөлек, 75 әртүрлі оқу сыныбы заманауи құралдармен жабдықталған. Нано-биотехнология, робот техникасы, физика, химия, биология зертханаларында  соны үлгідегі сапалы білім әдісі қолданылады.

Ханым Салқынова, биология пәнінің мұғалімі:

Әрбір оқушымен ғылыми жұмыстар жүргізуге мүмкіндігіміз бар. Осы мүмкіндіктерді пайдалану үшін бізді таяуда шетелге оқуға жіберейін деп жатыр.

Білім ордасына қабылдануға 7052 оқушы ынта білдірген. Байқауда бір орынға 15 үміткер таласып, 672-сі «Өркен» білім грантына ие болды. Солардың бірі - 11 сынып оқушысы – Имансері.

Имансері Алтынбекұлы, 11-сынып оқушысы:

Оқушыларға бүкіл жағдай жасалған. Осы мектептен жақсы білім аламын және көп нәрсе меңгеремін.

Күзде тағы 96 бала 7 сыныпқа қабылданып, жаңа оқу жылында мектепте барлығы 768 оқушы оқиды. Тек оқушылар ғана емес, ұстаздар да көп кезеңді іріктеуден өтті. Өтініш берген 518 үміткердің 157-і жұмысқа қабылданды.

Алматыда келесі жылы тағы бір Назарбаев зияткерлік мектебі ашылады. Химия-биология саласына мамандандырылатын жаңа ғимарат, қазір мегаполистің батыс бөлігіндегі  Қалқаман ауданында салынуда. 

Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу