Орта білім беру саласындағы жетістіктер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орта білім беру саласындағы жетістіктер

01.01.2014
Орта білім беру саласындағы жетістіктер
Биылғы жаңа оқу жылында 7960 мектеп 2,5 миллион оқушыны қабылдады. Оның 270 мыңы мектеп табалдырығын жаңа аттаған жеткіншек. Мектеп жасындағы бала санына қарап-ақ, демографиялық дүмпудің дүбірін сезуге болады. Ал ел аумағында 150-ге жуық мектеп салынған. 2015 жылға дейін барлығы 500-ден аса  білім ордасы бой көтереді. Бүгінгі таңда мектептерде 300 мыңға  жуық мұғалім қызмет етеді.
 
Жаңа оқу жылында Президент балалармен кездесті, кең отырып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Өткізілген сабақ - Отанды сүю деп аталды. Отанды сүю, туған еліңді, жеріңді, тіліңді, дәстүріңді сүю - кең ұғым, керек ұғым, мағынасы терең ұғым.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тек қана Отанына еңбек еткен адам - патриот. Жұмыс істемейтін жалқаулар патриот бола алмайды. Отаныңа еңбек ету - сендер үшін қазір оқып, білім алу. Жұмыс істеп жүрген адамдар қандай жұмыс істесе де, жауапты істеп, сол істің маманы болу, жоғары дәрежелі маман болуы тиіс. Сонда ғана Отанымыз Отан болады. Отанды сүю деген ең бірінші рәміздерден басталады.
 
Бүгінгі бала - ертеңгі дана. Ал елімізде білім нәрін сусындап жүрген екі жарым миллион оқушы бар. Балалардың бүгінгі кездесуден алған әсері ерен.
 
Бекболат Арыстанбек, №64-ші мектеп-лицейдің оқушысы:
Алдағы уақытта өмірімізге, барлығымызға қолдау болып отыр. Мен үшін бұл үлкен бақыт. Мен - бақытты адаммын. Мен бақытты оқушымын. Мен биылғы бақытты жас түлекпін. Біз еліміздің болашағы туралы, оның әрі қарай дамуы туралы, барлығын түйіндеп отырмыз. Бұл - өте үлкен қуаныш.
 
Астанада 83 жалпы білім беретін орта мектеп бар. Олардың ішінде 71-і мемлекеттік, ал 12-сі жекеменшік болып саналады.
 
Жалпы қала бойынша 95 мыңға жуық оқушы білім алады. Биылғы оқу жылына орай шаһарда 1200 балаға арналған №71 мектеп-лицейі ашылды. Алдағы уақытта тағы 2 мектептің құрылысы аяқталмақ. Келер жылы 9500 оқушыға арналған 14 мектеп тұрғызылады.
 
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Келесі жылы Үкіметтен тағы да қосымша қаржы бөлінеді. Елімізде дәл осындай 50-ге жуық нысан салынады.
 
Ел аумағына көз жүгіртсек. Бір ауданда он білім нысаны ел игілігіне берілді. Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір ғана Мақтарал ауданында биыл 10 жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Бұрын аумағы тар,жағдайы жұпыны сыныптарда оқып келген балалар үшін бұл үлкен қуаныш.
 
Аймақтағы кей ауылдардағы мектептер осыған дейін үш ауысымда жұмыс істеп келді. Енді жаңадан бой көтерген білім нысандарының арқасында оқушылар мұндай келеңсіздікпен біржолата қош айтысты.
 
Мақпал Құдайбергенова, оқушы:
Жаңа мектеп барлығымызға ұнады. Өйткені, сыныптарымыз жылы, оқушыларға барлық жағдай жасалған. Бізге жақсы білім және тәрбие алу керек.
 
Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы Айтуар ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Тұрғындар мұндай зәулім ғимаратты бұрын тек теледидардан көріп, армандап қоятын. Енді дәл сондай еңселі білім ұясында өздерінің ұл-қыздары оқитын болады.
 
Меруерт Мұхаметқалиева, оқушы:
Спорт залы үлкен, әдемі. Парталар жаңа, іші кең, үлкен.
 
Саланың жалпы бюджеті қазір 1 триллион 300 миллиард теңгеге жетті. Нәтижесінде білім және ғылым саласында қол жеткізген жетістіктеріміз де аз емес. Мәселен, былтыр сауаттылық деңгейі бойынша Қазақстан әлемнің 177 елі арасында 14-ші орынға табан тіреді.
 
Ләззат БЕКТАС

Хабарламаларға жазылу