Денис жарқ етті де жоқ болды... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денис жарқ етті де жоқ болды...

19.07.2018

Денис Теннің бергенінен берері көп, жеңіс тұғырынан талай рет көрінетін азамат еді. Өкінішке орай, бүгін тал түсте Алматы қаласының орталығында бұзақылар қолынан қаза тапты. Денис Тен 1993 жылы маусымның 13-інде Алматы қаласында дүниеге келген. Екі-ақ мүшел жасында талай жетістікке жетіп, әлемдік дәрежедегі сайыстарда еліміздің атын, Қазақстанның Туын дүниежүзіне танытып, көкке көтерді. Ол кішкентайынан бар уақытын мұз үстінде  өткізді. 

Жіп-жіңішке қылдай темірдің үстінде тұрып мұзда сырғанау оңай емес. Енді сол конькимен шыр көбелек билеп, секіру, биік жеңіс тұғырынан көрінуге бір күнің немесе бір жылдық еңбегің жетпейді. Оған тұтас өміріңді арнауың керек. Денис Тен мұз үстінде мәнерлеп сырғанауға тұтас өмірін арнаған жас өрен.  Нәтижесінде еңбегі еш кетпеді. Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның 5 дүркін чемпионы болды. VІІ қысқы Азия ойындарында алтын медаль иеленді. 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының  қола жүлдегері, Әлем чемпионаттарының үш мәрте жеңімпазы. Денис небәрі 25 жылдың ішінде осыншама жетістікке жетіп, елдің мақтанышына айналған.

Оның көрсеткен әрбір өнеріне отандастары үнемі жанкүйер болып, шебер орындаған көрсетілімдеріне тәнті болды. Ол барлық жарысқа аса ұқыптылықпен дайындалып, жан-тәнімен беріліп орындап шығатын. Зор қошеметке бөленіп, халықтың еркесіне айнала білді. Денис Тен өз мүмкіндігімен әлі талай додаларда топ жарушы еді. Әлі талай жеңіс тұғырында еліміздің Әнұранын шырқатып, Көк байрағымызды жоғары көтеретін еді. Әлі талай бозбаланың мұз үстінде өнер көрсетуіне ынтасын ашар еді. Әбден шыңдалған кәсіби маман ретінде елдің атын шығарар талай чемпионды тәрбиелер еді. Не шара, мұның барлығы артынан айтылып қалар сөз ғана. Қараңғы түнде жарқ еткен жұлдыздай ағып өтті. Ең өкініштісі, осыдан екі ғасыр бұрын Құлагерді құлатқан Батыраш-Қотыраштардың бүгінгі жаңа қоғамда әлі күнге дейін бар екендігі. Амал жоқ. Қош бол, Денис!    

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.   

Хабарламаларға жазылу