Ресейдегі футбол тойына жер-жиһаннан жиналған жанкүйерлер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдегі футбол тойына жер-жиһаннан жиналған жанкүйерлер

26.06.2018

Қазір Ресей астанасында күнде думан, күнде той. Себебі, жер-жиһаннан жиналған жанкүйерлер үлкен футбол мерекесінің көркін қыздырып жатыр. Тіпті Мәскеудің орталық көшелерінен жергілікті жұртты сирек кездестіресіз. Себебі, айнала толған шетелдік футбол фанаттары. Олар күн сайын ән айтып, би билеп, Мәскеу қаласын үлкен бір карнавал алаңына айналдырғандай әсер қалдырады.

Кремльдің іргесіндегі Никольская көшесінде жай күндері де туристер көп жүреді. Алайда, дәл мынанша халықты, осыншама футбол жанкүйерлерін Мәскеу қаласы бұрын-соңды көрген емес. Адамның көптігі сонша, бұл жерде жүріп-тұрудың өзі өте қиын.

Мәскеудегі футбол фанаттары әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған. Олардың түрі де, тілі де, діні мен ділі де басқа. Алайда, барлығын доп додасына деген құштарлық біріктіріп тұр. Сондықтан болар, күндіз-түні сауық-сайраны үзілмейтін Никольская көшесіндегі жанкүйерлер, бір-бірін жатырқап жатқан жоқ.

Рафаэль, бразилиялық жанкүйер:

- Мәскеуде уақытым көңілді өтіп жатыр. Күн сайын неше түрлі ұлттарды көресің. Айтпақшы, мен бұл жерде қазақтармен де таныстым.

Фернандо, мексикалық жанкүйер:

- Бәрі керемет. Жергілікті халық та, шетелдіктер де ұнап жатыр. Мексикалықтарды киімімізге қарап, бәрі танып жатыр. Бұл жерде бәрі бір-бірімен дос. Маған Мәскеу қаласы ұнады. 

Вячеслав, ресейлік жанкүйер: 

- Чемпионат өте керемет өтіп жатыр. Мен 4 күн бұрын іссапардан Мәскеуге келгенмін. Үйімді жинастырып, жұмыс істейін десем, 4 күннен бері мына жерді қимай жүрмін.

Аргентиналық Матиас Амайя, футбол десе ішкен асын жерге қояды. Жұрттың бәрі чемпионатқа ұшақпен жетсе, Матиас мұнда велосипедпен келген жалғыз фанат. 37 елді аралап, 80 мың шақырым жол жүрген саяхатшы, 5 жылдан бері үйінде болмаған. 

Матиас Амайя, футбол жанкүйері, велосаяхатшы:

- Мен 2013 жылы Аргентинадан шығып, Бразилиядағы футболдан Әлем чемпионатына велосипедпен бардым. Кейін біріншілік аяқталған соң, үйге қайтпастан, Мексика арқылы Панамаға жеттім. Панамадан Испанияға бару үшін ұшаққа отыруға тура келді. Сосын Испаниядан Мәскеуге дейін асықпай, жөл-жөнекей кездескен қалаларды аралап, Ресейдегі чемпионатқа да келдім.

Қазір Мәскеудің орталық көшелерінде жергілікті жұрттан гөрі, шетелдіктер көп. Олар күн сайын футбол тамашалайды, фотоға түседі, бір-біріне тарту жасайды. Сосын әлбетте, ән айтып, би билейді. Міне, нағыз футбол мерекесі дегеніміз осы.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу