«Астана» ФК сал ауруына шалдыққан баланың еміне қаражат жинап берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана» ФК сал ауруына шалдыққан баланың еміне қаражат жинап берді

22.12.2016
«Астана» ФК сал ауруына шалдыққан баланың еміне қаражат жинап берді

Осыдан 12 жыл бұрын сап-сау дүниеге келген Райымбек Мергенбаев 9 айлығында дәрігерлердің салғырт жасаған екпесінен церебралды сал ауруына (ЦСА) шалдығып, мүгедектер арбасына таңылған.

Райымбектің әкесі баласының аты жаман ауруға шалдыққанын естіген соң тастап кеткен. Райымбектің анасы Рая Мергенбаева бүлдіршіннің бүгінгі таңдағы жалғыз жанашыры. Рая Мергенбаева екінші топтағы мүгедек. Мемлекет тарапынан Мергенбаевтар отбасына жиі көмек көрсетіліп, зейнетақы уақытылы төленіп тұрғанымен, ол қаражат баланың еміне жеткіліксіз. Одан бөлек, көмекке зәру отбасының баспаналары да жоқ. Қазіргі таңда туыстарының шаңырағын паналауға мәжбүр.

«Астана» футбол клубының ұжымы Райымбектің Қытай елінде целебралды сал ауруын емдейтін арнайы орталықта жасалатын ем-домы үшін қаражат жинап берді. Одан бөлек, елордалық команданың өкілдері Райымбекке өз есімі жазылған команда жейдесін сыйға тартып, алдағы маусымда «Астана Арена» стадионында өтетін Қазақстан чемпионатының ойындарына шақырды.

Атап өткен жөн, «Астана» командасы мүмкіндігі шектеулі жандарға стадионнан арнайы орын бөліп, ойынды барынша қолайлы жағдайда тамашалауға мүмкіндік жасауда. Көмекке зәру отбасына қайырымды жандар жәрдем көрсете алады.  Футбол клубының ресми сайтында Райымбектің анасы Рая Мергенбаеваның байланыс нөмірлері көрсетілген.

«Астана - мейірімді қала» акциясы 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Оған кез келген адам қатыса алады. 

fca.kz

Хабарламаларға жазылу