Кисе Курокава - Астананың сәнін келтірген сәулетші - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кисе Курокава - Астананың сәнін келтірген сәулетші

03.07.2018

Астананың бас жоспарын жасақтауға бас қатырғандар көп. Әлемнің мен-мен деген сәулетшілері жаңа қаланы салуға жанын салды. Алайда, Елбасы қатал талап қойған болатын. Себебі, Тәуелсіз елдің елордасы көргенді елітіп қана қоймай, ертеңгі күнге үміт сыйлайтын, жігерлендіретін жасампаз қалаға айналуы тиіс. Сонымен «механикалық емес өмір принциптеріне негізделген шаһар» идеясын ұсынған сәулетші бас жоспардың авторы атанды.

Кисе Курокава, сәулетші, метаболизм қозғалысының негізін қалаушы:

- Біз ел астанасының ажарын ашу үшін 6 даму кезеңін ұсынып отырмыз. Құпталды. Яғни, 2000 жылдан бастап әр бес жыл сайын қаланы жаңа қырынан танытуға бағдарлама жасадық. Сонда қала тірі организмдей тынымсыз толығып, жаңғыра бермек.  

Бұл - Нориаки Курокава. Бірақ, әлемге Кисе есімімен танымал. Жапон сәулетшісі елорданың бас жоспарын қолға алмас бұрын жаһанда жарқын жобаларымен танылған.

Париждегі Пасифик мұнарасы, Токионың ұлттық өнер орталығы, Куала-Лумпурдағы халықаралық әуежай, Амстердамдағы Ван-Гог музейі сынды белгілі ғимараттар соның қиялынан туған. Осыдан 20 жыл бұрын Курокава сынды сәулет сырын меңгергендер Арқаның төрінде қала салу үшін 50-ден аса жоба ұсынды. Бірақ, таңдау ерекше жоба ұсынған Курокаваға түсті. Себебі, ол Астананы табиғатпен үйлесім тапқан футуристік қала ретінде көрді. Оның о баста шаһарды 5 жыл сайын шырайландыру ойы да бүгінде шындыққа айналып отыр.

«Тарих айнасы – сәулет», демекші жасампаз қала жанынан көне қала салу идеясы да көтерілді. Оны қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышев ұсынған. Кисе Курокава оны қос қолдап қолдайды. Енді бас жоспарға сай Есілдің қос сағасының ортасынан 36 га аумаққа Шығыс қаласы салынбақ.

Осылайша, бас жоспардағы футуристік, табиғат және тарих деген тұжырымдама толық орындалмақ.

Алайда, 21 ғасырдың жасампаз қаласын жасаған жапон сәулетшісі тек бір нәрседен мүлк кетті. Ол Астанадағы халық саны 1 млн-ға 2030 жылы жетеді деген еді. Архитектор көркеюден бөлек, көбею қасиеті қазақтың қанына сіңгенін ескермесе керек.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

 

Хабарламаларға жазылу