Бақытжан Сағынтаев Астана мерейтойымен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақытжан Сағынтаев Астана мерейтойымен құттықтады

03.07.2018

Қазақстанның дамуы Астананың дамуымен тығыз байланысты. Елорда тәуелсіздік тірегі, жаңа дәуірдің символы болғандықтан, оның өсіп-өнуіне аса мән берген жөн. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында Астананың бүгіні мен ертеңіне тоқталып, келе жатқан мерейтоймен құттықтады. Үкімет басшысы елорданың жоғары қарқынмен дамып, бәсекеге қабілетті қалаға айналғанын атап өтті. «Ендігі мақсат – әлеуетімен әлемді тамсандырған Астананың бұдан әрі де өсіп-өнуіне үлес қосып, ортақ міндеттерді абыроймен атқару», - дейді Премьер-Министр.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:

- Астана – жаңғырған жаңа Қазақстанның жарқын символы. Ол – қастерлі тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры. Алаш жұртының айбары, Елбасымыздың төл перзенті. Басында өзге түгілі, өзіміз күмәнмен қараған ғасыр жобасы Елбасының саяси көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында табысты жүзеге асып, небәрі 20 жылда арқа төрінде бой көтерді. Халқымыздың мың жылдық талайлы тағдыры мен асқақ армандарынан нәр алып, сайын далада сәмбі талдай бүр жарған бас ордамыз аз уақытта ел тірегі, алып бәйтерекке айналды. Астана — терең тарихтан тамыр тартқан даңқты өткенімізді бүкіл әлем таңдай қаққан бүгінгі биіктерімізбен және жаһандық нарықта бәсекелік қабілеті жоғары, Мәңгілік Ел болар кемел келешегімізбен жалғайтын Елдігіміздің алтын арқауы. Қарасаң көз жетпейтін ұлы даланың аспанмен астасқан көкжиегіне көз салсақ, көк пен жерді жалғайтын алтын көпір іспетті Астананың алып мұнаралары алыстан асқақтап, менмұндалайды. Ол - барша халқымыздың бақытты өмірі мен үкілі үмітінің символы. Осының бәрікең-байтақ ұлы даланың төрінде мемлекет құрған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дара басшылығы мен шексіз еңбегінің жемісі. 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу