Елорда – мәдениет ордасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда – мәдениет ордасы

20.06.2018

20 жыл бұрынғы Астана мен қазіргі Астананың мәдени әлеуеті жер мен көктей. Бас қаланың мәдениетіне ұлт зиялылары мен өнердегі саңылақтардың қосқан үлесі өлшеусіз. Сенімді адал арқалап, аянбай тер төккен азаматтар әлі де елорданың қазанында қайнап жүр. Тілшіміз Сәуле Алдамұратқызы бірнеше жыл бұрын Ақмола мәдениетін қолға алып, қазіргідей күйге жетуіне үлес қосқан тұлғалармен тілдесіп келді. Естен кетпес естеліктерін айтты.

Анар Мұздаханова ұлы көштің бастапқы легімен келген өнерпаздардың бірі. Сол кездің өзінде Қостанай өңіріне танымал болып қалған күйші келіншек жылы орнын суық мекенге ауыстыруға келгенде көп ойланбапты.

Анар Мұздаханова, күйші:

- Далада 40 градус аяз болса, іште 20 градус аяз. Дірілдеп отырып дайындаламыз.

20 жыл бұрын Ақмолада 15 адамнан тұратын облыстық филармония ғана болған. Қала жаңа мәртебеге ие болғаннан кейін әр саланың жеке құрылымын жасақтау басталды. 

Мәдениет сарайларының жайы айтпаса да түсінікті еді. Айналдырған қазіргі «Жастар» сарайы ғана. Мәдениет басқармасы, филармония бәрі сол жерде отырды. Ескі болса да, естелігі мол мекеннің естен кетпесі анық. 

Бекболат Байсағатов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Ол кезде бұл жер біз үшін үлкен зал болатын. Үлкен ұлт аспаптар оркестрі дайындалды. Құрамында 70 адам болды. Одан кейін 1999 жылы симфониялық оркестрді құрдық.

Бұдан кейін Опера және балет театрын құру қолға алынды. Қазіргі «Жастар театры» аталатын ғимарат ол кездері теміржолшылардың Мәдениет сарайы болған. 1937 жылы салынған көне нысан күрделі жөндеуден өтіп, 2000 жылы ашылды.

Төлеген Мұхамеджанұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Қаулы шыққанда бір оркестрдің жұмыскері жоқ. Балеттің де бір әртісі жоқ.

Астанаға Алматыдан алғаш келгендердің бірі - журналист-жазушы Сәдібек Түгел. Астана қаласы әкімінің тұңғыш баспасөз хатшысы өзгелердің күмәнін сейілту үшін аянбай тер төгіпті.

Өнерде жүріп, өмірлік тәжірибелерін Астананың асқақтауына сарп еткен төрт достың тілеуі ерек. Елорда үшін әрдайым сол ниет-тілектерінен айнымақ та емес.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу