Қазақ телевизиясына – 60 жыл. Ұлттық арнаны басқарған төрағалар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясына – 60 жыл. Ұлттық арнаны басқарған төрағалар

16.03.2018

Енді Қазақ телевизиясын басқарған төрағалар туралы айтайық. Әдепкі құрылған уақыттан бүгінге дейін 20 адам осы арнаға басшылық еткен. Олардың әрқайсысына сол уақытына қарай әр түрлі міндеттер жүктелді. Әсіресе, Тәуелсіздік қарсаңында және одан кейінгі уақыттарда қоғамда Қазақ телевизиясының рөлі орасан болды.

Тоқсаныншы жылдардың алғашқы кезеңіндегі алаң-елең шақта түрлі газет-журналдар көп нәрсенің байыбына бармай ақпарат таратты. Мақсаттары - қалайда тираждарын көбейтіп, оқырман тарту еді. Бірақ, көрермен бәрібір нақты мәлімет пен ресми деректі «Qazaqstan»-ның кешкі жаңалықтарынан күтті. Халықты адастырмай алып жүру үшін мемлекеттік ақпараттық идеологияның маңызы зор еді. Міне, осы міндеттерді орындау басшылардың жұмысына тікелей байланысты. Сонымен, Қазақ телевизиясын басқарған төрағалардың еңбек жолын тілшіміз Ғабит Ұзақбай сараптап шықты.

Ең әуелі теледидардың қызығын АҚШ және Батыс Еуропа елдері көрді. 1930 жылға дейін олар бейне экран арқылы хабар таратты. Көп кешікпей 1931 жылы Мәскеу де бұл көштен қалмай алғашқы эфирін бастады. Ал, қазақ жерінде теледидарды құру туралы алғашқы қадам 1957 жылы басталды. Құжаты міне. Сол жылы Министрлер Кеңесінің №436 Қаулысы шықты. Бұл жерде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінде теле-радио және теледидар жөніндегі комитетті құру. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Телерадиотарату және теледидар жөніндегі комитеттің Төрағасы етіп Қанапия М9стафинді бекіту туралы тапсырма берілген. Міне, осы күннен бастап Қазақ телевизиясын қалыптастыру жұмысы жүргізіліп, алғашқы эфир 1958 жылдың 8-наурызында басталды. Тұңғыш төраға Қанапия Мұстафин бұл жерде екі жыл қызмет атқарды.

Одан кейінгі басшыларды да атап өтейік. Алпыс жылдық тарихында осы күнге дейін Қазақ телевизиясын 20 адам басқарған. Екінші төраға Құрманбек Сағындықов (1959-1962), одан кейін Кенжеболат Шалабаев (1962-1969), Кеңесбай Үсебаев (1969-1975), Хамит Хасенов (1975- 1983), Камал Смайылов (1983-1986), Ғаділбек Шалахметов (1986-1990), Сағат Әшімбаев (1990-1991), Шерхан Мұртаза (1992- 1994), Ләйлә Бекетова 1994 жылы, Әшірбек Көпішев  (1995- 1996), Ерлан Сатыбалдиев (1996 – 2001), Есетжан Қосубаев (2001-2002), Ғалым Доскен (2002 – 2006), Нұртілеу Иманғалиұлы (2006-2007), Жанай Омаров (2008-2011), Дәурен Әбдіхамитов 2011 жылы, Нұржан Мұхамеджанова (2011-2016), Кемел Ойшыбаев – 2016-2017 жылы. Ал, былтыр 9-ақпаннан бастап бұл корпорацияға Ерлан Қарин жетекшілік етеді. Тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы кезеңде бұл арнаны Ғаділбек Шалахметов басқарды. Телевизияның басты ұстанымы тазалық пен шынайылық сол кездегі алаң-елең шақта да жолынан тайған жоқ.

Ғаділбек Шалахметов, «Қазақстан» РТРК 1986-1990 жж. төрағасы:

- Адамның теледидарда қалай отырғанын, оның көңілі, не айтып отырғанын, телевизияда істейтіндер білу керек. Байқаса тоқтату керек. Сосын жүректен шығатын шындықты табу керек.

Тәуелсіздік алған жылдар. Қазақ телевизиясына жүк болған басты міндет - мемлекеттік иделогияны жүргізу. Ел болып қалыптасу үшін халықты тура жолдан тайдырмау керек. Телеарна болашаққа сенім берер күш-қуаттың көзіне айналды. Бірақ, сол жылдардағы жағдай күрделі еді. Өзге ұжымдар сияқты телеарна қызметкерлері де уақытылы айлық ала алмай жүрген кез. Осындай ұрымтал сәтті пайдаланғысы келген сырттағылар телеарнаның «Алтын қорын» саудаға салғысы келді. Сол кезде мемлекеттік мүддені жоғары қойған басшылар бұған жол берген жоқ.

Еліміз есін жинап, экономика шираған тұста, телеарнаның қаржылық қуаты да күшейді. Заманға сай жаңа техникалар келді. Корпорацияның бас кеңсесі Алматыдан Астанаға ауысты. Осы уақытта «Qazaqstan» телеарнасы Елбасының тапсырмасымен толығымен қазақ тілінде хабар таратуға көшті. Осы үлкен міндеттер сол кездегі төраға Нұржан Жалауқызына жүктелді. Бірақ, нарық заманында тек қазақ тілінде қалу «Алысқа бармайтын амал» деген күдікті күшейтті.

Нұржан Мұхамеджанова, «Қазақстан» РТРК 2011-2016 жж. Төрағасы:

- Бірақ, ол сұрақтарға біз шығармашылық ізденістің арқасында және жақсы сапалы дүниелерді келтірудің арқасында бірден жауап бердік. Соның негізінде қазақтілді бағдарламалардан құралған қазақ телеарнасы бәсекелестер арасында, мүмкіндігі бар телеарналардың арасында жақсы деңгейге көтерілді.

Осы уақытта Ұлттық арна елдегі барлық қазақтілді көрерменді өзіне жинады. 50-ден астам отандық телехикая эфирге шықты. Прайм-тайм уақытта жаңа форматтағы әлеуметтік ток-шоулар көрсетілді. Нәтижесінде, Ұлттық арна 2015 жылы көрермен үлесі бойынша үздік бестіктен көрінді.

Бұған дейін жетпеген жетістік. Ал, қазақтілді аудиторияны ұстап тұрудан бірінші орынды ешкімге берген жоқ. Бұның барлығы 60 жылдық тарихтың, 60 жыл еңбек пен тәжірибенің арқасы. Сол үшін телеарнаның мерейтойлық мерекесі тек ұжымның ғана емес, құрметті көрермен, сіздің де мерекеңіз.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу