Қазақ телевизиясының 40, 50 жылдықтары қалай аталып өтті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының 40, 50 жылдықтары қалай аталып өтті?

15.03.2018

Қазақ телевизиясының әр мерейтойы елмен бірге аталып өтеді. Алайда, «той» деген аты ғана. Салтанатты кеште болсын, мерекелік дастарханда болсын, айтылатын әңгіме біреу – ол көрерменге ұсынар дүние. Өткенге үңіліп, келешекке үміт артады. Әр тілектің соңы бір жаңа идеяға ұласады. Қыр асып қырыққа шыққаны, елуді еңсеріп, елу бестің белесін бағындырғаны таспалы тарихта сақталған. Шолып шығайық, назар салыңыз.

Теледидар – қоғамның қордаланған проблемасын арқалаған қара нар. Халықты ұйытатын, ұйыстыратын ұстындардың бірі. Сонымен бірге көк жәшік көпсалалы. Себебі, әдебиеті мен мәдениеті ішінде театры бар, концерті, тіпті мектебі де сонда. Қазақ телевизиясы қырықтың қырқасына шыққанда қадірлі қонағы ретінде салтанатты кешке шақырылған Шераға осыны айтқан болатын.

Шерхан Мұртаза, 1992-1994 жылдары «Қазақстан» мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы:

- Өткір, пәрменді, қаһарман қару әркез қолдарыңызда болсын. Көркем сөздің көсемісіздер, қызыл тілдің шешенісіздер, сіздер халықтың жүрегіне нұр құйып, сәуле бітіресіздер,-деп сенеміз.

Торқалы тойға толағай табыспен жеткен арна үшін қырғыз әріптестер де қуанды.

Ойдан-қырдан Қазақ телевизиясының 40 жылдығына ақжарма тілектер ақтарылып жатты. Арнаға арнау шығарған ақындар да бар еді.

Осынау жылдары арна техникалық және шығармашылық тұрғыдан толысты. Спутникке қосылды. Сөйтіп, көрші мемлекеттерден, шекаралас өңірлерден көрермендеріміз көбейіп 90 млн-нан асқан болатын. Солай қарқынға-қарқын қосылып 45 жылдықты да мол табыспен қарсы алдық.

Камал Смайылов, 1983-1986 жылдары Қазақ КСР-і радиохабарлар және теледидар жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы:

- Қазақ телевизиясының қабырғасы қатайып, шаңырағы биіктеді дейміз. Енді бұдан әрі қарай Тәуелсіз Қазақстанның, жаңа Қазақстанның жаңаша бағытын, жаңаша бетін, осы істерін осы телевидение көрсетіп отырса. Өйткені, Қазақстанда көрсететін дүние көп.

Жарты ғасыр халық назарында. Иә, 2008 жылы телевизия елуге толды. Елеулі кезеңге жеткенін елмен бірге атап өтті. Елбасы да лебізін білдірді.

Ұлттық арна мерейтойына қарапайым халық та атсалысты. Өңірлермен тікелей байланыс орнатылып, түрлі акциялар өтті. 50 жылдыққа орай Биебай ақсақал 50 шақырым жүгірсе, «Жәдігер» акциясы жарияланғаны сол-ақ еді үйдегі ескі техникаларын арқалап жұрт арнаға ағылды.

Белестен-белеске жетіп телевизия елу бесті де еңсерді. Ал, биыл алпысты алқымдады. Жылдар жылжыған сайын арна алғыс арқалап, халық абыройын асырды. Себебі, Қазақ телевизиясы қазақ руханиятының жоқтаушысы жолынан жаңылмады.  

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу