Басты Жаңалықтар «Qazsport» телеарнасының қарқыны мен «balapan» арнасының тәй-тәй басқан қадамдары

«Qazsport» телеарнасының қарқыны мен «balapan» арнасының тәй-тәй басқан қадамдары

Қазақтың таспалы тарихына биыл – 60 жыл. Осы уақыт аралығында алуан түрлі арна эфирге, дүниеге келді. Бірақ, ақпараттың ағысына ілеспей, көрермен талғамын таразылай алмай көк жәшікте сөнгендері де аз емес. Алайда, жаһандық тәжірибелердің түзуін теріп, тыңнан түрен салып, сол арқылы  рейтинг атты қаңбақты  өз эфиріне саялатып тұрған жас арналар да бар. Мәселен, «Қазақстан» телерадиокорпарациясының  екі жобасын айтуға болады.

Олардың бірі – «Qazsport». Салалық арна –  5 жыл бұрын ғана ашылса да, өз аудиториясын қалыптастырды. Әлемнің әр түкпіріндегі әртүрлі деңгейлі додаларды тікелей эфирде  трансляциялап,  көрерменнің ықыласы мен алғысына бөленді. Енді «Qazsport»-тан қалыспайтын екінші жас арнаға екпін түсірейік. Баланың бәрін экранға жіпсіз байлайтын бір құдірет бар бүгінде. Оның аты – «balapan». Иә, кішкентай көрермендерге тек қазақ тілінде хабар тарататын телеарна қазір көп шаңырақтың төрінде сайрап тұр.

Талай тентек сол арнамен бірге өсіп, талай дүниені танып-біліп жатыр. Сәйкесінше, бұл арна тәрбиенің тетігіне айналды. Міне, сол «balapan» бүгінде 7 жастан асты. 2010 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен ашылған еді. Содан бері, арнаның аудиториясы өсті, ұжымы пісті, бағдарламалар артты, рейтингі өрге тартты. Қысқасы, бұл арна балалардың досы, үлкендердің қолғабысы болды.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ 

Бөлісу