Телеарнаның тарихы таспагердің қолымен жазылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Телеарнаның тарихы таспагердің қолымен жазылады

13.02.2018

Телевизия саласын таспагерсіз көзге елестету мүмкін емес. Теледидардағы барлық көрініс сол мамандардың қолымен жасалады. Демек, қазақ телевизиясының 60 жылдық тарихында таспагердің алатын орны үлкен. Төзім мен талантты, білек пен біліктілікті талап ететін мамандықтың нағыз шеберлері біздің арнамызда аз емес. Өздері түсірген таспада бейнелері табылмай жатса да, олардың есімдері мен еңбектері телеарна тарихында сақталады.

 Азамат Бейбітұлы, тілші:

 - Тілші сөзден сүрінсе де, таспагер кадрдан таймауы тиіс. Өйткені, қайталап түсурге келмейтін кездер болады. Міне, сондай сын сәттерде таспагердің шеберлігі көрінеді. Ал, қазақ тележурналистикасы құрылғалы сондай талантты таспагерлердің талай толқыны қалыптасты. Ендеше, кадр сыртындағы еңбек иелерінің бір легін шолып өтейік.

Телеарнаның тарихы таспагердің қолымен жазылады. Себебі, эфирдің негізгі күші солар. Бірақ, өздері кадрдың сыртында болса да, тап сол кадрдың корольдері.  Мәселен,  Ұлттық арнада ұзақ еңбек еткен бейнеоператорлардың бірі – Бекет аға.  Ол 40 жылдан артық уақыт камераны серік еткен.

 Бекет Әлиақпаров, ардагер таспагер:

- Онда мынандай камералар жоқ. Бәрі үлкен магнитофондарға жазады, монтаждайды. Сол салада 30 жыл жұмыс істедім.

Ардагердің өзі зейнетте болса да, зейіні Ұлттық арнада. Эфирді үзбей көреді. Жас әріптестерінің жұмысына да оң бағасын береді. Жалпы, таспагер әуелі шығармашылық мамандығы. Ал, сол шығармашылықтың шебері болуы үшін не істеу керек?

Бекет Әлиақпаров, ардагер таспагер:

- Оператор болғасын жалғыз оператор емес, ол режиссер де болуы керек. Ол монтажер да болуы керек. Ол редактор да болуы керек. 

Рас, бір таспагердің бойында талай мамандық үйлесуі тиіс. Мұндай шеберлік Мереке Әбдірахмановта да бар. Ол Ұлттық арнаға 1989 жылы келіп, 23 жыл еңбек еткен. Бас бейнеоператор қызметін он жыл абыроймен атқарды. Талай жасты тәрбиелеп, таспагерліктің қыр-сырын үйретті.

Мереке Әбдірахманов, таспагер:

- Ең бірінші біздің мамандықта жарық жағын білу керек.  Суретші сияқтысың. Біз жарықпен көретінімізді шығарамыз.Ал, ары қарай істегенімізді камерамаен шығарамыз.

Камера – сиқыршының құралы. Яғни, талантты таспагер тақыр жерден таңдай қақтырар туынды жасай алады.  Ондай керемет кадрларды объективке олжалаған операторлар арнамыздың тарихында аз емес. Таспагерлердің  мектебіне, қара шаңырағына айналған біздің арна әлі де талай толқынды тәрбиелеп келеді.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

- Мынау камера. Салмағы шамамен 12 келі. Оның тіреуі - штатив 9 келіге жуықтайды. Бағамдасаңыз, таспагер күнделікті 20 келіден артық салмақты көтеріп жүреді. Бірақ, олардың иығына артылған осы құрылғылардың емес, жауапкершіліктің жүгі әлдеқайда зілдей. Себебі, эфир- кірпіштей кадрлерден қаланады. Ал, осы материалды дайындаған мен Азамат Бейбітұлы және дәл қазір мені камераға түсіріп тұрған таспагер Замир Убайдаев «Qazaqstan» Ұлттық арнасы.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу