Шекара шебінде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекара шебінде

06.05.2014
Шекара шебінде
Ел шебін асқан қырағылықпен күзетіп отырған Отан қорғаушыларымыздың бірі – шекарашылар.
 
Еліміздің батыс шебіндегі шекара қосынында бүгін кезекті жаттығу. Кенеттен дабыл қағылды. Тосын жағдайға жауынгерлер тас түйін дайын. Құқықбұзушы туралы хабар түскенде жеке құрам лезде қаруланып, белгіленген жерден табылды.
 
Шекара шебіне жедел жеткен шекарашылар іздестіру шарасына кірісті. Бұл жерде асқан қырағылық қажет. Топырақтағы адам ізі, сынған бұтақ, түсіп қалған бұйымдарды саралай отырып, құқықбұзушыны табуға болатынын айтады, жауынгерлер.
 
Жангелді Бөкенов, шекарашы:
Бір ізбен өтетіндер бар, бір-бірін арқалап өтетіндер бар. Әдістері көп шекара бұзушылардың. Олардың мақсаты - баратын жеріне жету ғой. Бірақ, сол шекара бұзушыларды жібермеуге, оларды уақытында ұстауға тырысамыз.
 
Шекарашының сенімді серігі - қызметтік иттер. Бұл жолы Фая атты неміс овчаркасы күдіктіні көп ұзатпай, ұстады. Осыған дейін де ол бірнеше құқықбұзушыны ұстауға көмектескен еді.
 
Александр Гарипов, аға жаттықтырушы:
2011 жылы Алматы қаласындағы орталық питомниктен алып келдім. Алдымен үйреттім. Қазір тек менің бұйрығыма ғана бағынады. Сондықтан, күтіп-баптау, тамақтандыруды тек өзім атқарамын.
 
Кеден одағы құрылғалы бері контрабанда азайған. Дегенмен де, шекараны заңсыз кесіп өтушілер әлі тыйылар емес.
 
Жандос Байтұров, Орал шекара заставасының басшысы: 
Көбінесе басқа аумақтан келетін азаматтардың дені төлқұжат жоғалтқандар немесе бас бостандықтарынан айырылған, қашып келе жатқан азаматтар болады. Сондайлармен біздер күресеміз.
 
Жауынгерлердің мәдени өміріне де мән берілген. Шекарашылар застава орналасқан елді мекендегі музей, кітапханаларда болып, спорттық сайыстарға белсене қатысады. Осылайша, ізін басқан жас буынға үлгі-өнеге көрсетуде.
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу