Жасы 90-ға қарағанымен, соғыс әндерін әлі ұмытпаған Аймереке әжейдің санасы сергек, тың. Ардагер Сталинградты азат етуге, Беларусь пен Украина жеріндегі ұрыстарға қатысқан.
Өзі алғашында пулеметші болса, кейін барлаушылар қатарына ауыстырылған. Бірде Әлия Молдағұловамен кездейсоқ танысып, екеуі соғыс біткен соң да айырылмас құрбы боламыз деп уәделеседі.
Алайда, бейбіт күні Ақтөбедегі Ленин көшесінде кездесеміз деген ойлары орындалмады. Әлия ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты.
Аймереке Көбеева, соғыс ардагері:
Сен қорықпайсың ба, бүгін болмаса, ертең өлеміз ғой дейтін.
«Бізді аз уақытта жақындастырған тағдырымыздың ұқсастығы да шығар», дейді әжей. Екеуі де ата-анасынан ерте айырылып, балалық шағының біраз уақытын Ақтөбеде өткізіп, балалар үйінде жетілген.
Соғыста жүріп үш мәрте жарақат алғанымен, Аймереке Көбеева елге оралған соң да ауыл шаруасына белсене араласты. Бастапқыда дүкен сатушысы болса, кейін білімін жетілдіріп, орыс тілінен мұғалімдік етті. Бүгінде құрметті зейнет демалысында. Немересі мен келінінің қолында тұрып жатыр.
Жанар Бабылышева, келіні:
Әжеміз Әлия Молдағұловамен бірге болғанын айтып отырады. Біздер мақтан тұтамыз осы кісілерді. Денсаулықтары мықты болсын. Осы кісілердің арқасында бейбіт өмір сүріп жатырмыз.
«Ерлігі үшін», «Әскери қызметі үшін» сияқты медальдері тағдырынан сыр шерткен Аймереке әже өзін бақыттымын деп санайды. Себебі оның балалары, немере-шөберелері бейбітшілікте, тәуелсіз елде тұрып жатыр.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ