Жасы тоқсанға таяса да, Анастасия әжей әлі тың. Соғыс басталған жылы небәрі 19 жаста болатын.
Ол тұратын Курск қаласын немістер басып алады. Халықты ауыр жұмысқа салып, азаптайды. Ал, тепсе темір үзетін жастарды Германияға айдап әкетеді. Сол жолы Анастасия ебін тауып, айдаудан қашып құтылады. Артынша, өз еркімен майдан даласына аттанады. Жараланған талай жауынгерге дәрігерлік көмегін көрсетеді.
Анастасия Марталер, Отан соғысының ардагері:
Оң жақ құлағымның түбінен бір дыбыс естілгендей болды. Оқтың дауысы екен. Басымды көтере бергенім сол, тағы біреуі зу ете түсті. Сосын басымыздағы каскамызды таяқтың ұшына ілдік де, жоғары көтеріп, ары-бері қозғалттық. Адамның басы деп ойлаған болулары керек, немістер оқты жаудырып берді. Снайперлердің окопта жатқан бізді аңдып отырғанын біле қойдық.
Бүгінде Целиноград ауданында 4 соғыс ардагері бар. Мерекеге орай аудан басшылығы оларды құттықтауды ұмытқан жоқ. Майдангерлердің үйлеріне барып, әлеуметтік, материалдық көмектерін ұсынды.
Бақберген Мәуленов, Целиноград ауданының әкімі:
Үйіне бір-бір кісі бекітіп қойғанбыз.Сол кісілер көмек жасайды осы кісілерге. Көмірін кіргізіп береді. Үйлерін тазалап, тамағын істеп береді.Есіктерінің алдын жинайды. Кірлерін жуады.
Тың игеру жылдары Анастасия Марталер жолдасы екеуі Ақмола жерінен бір-ақ шықты. Осында ел қатарлы еңбек етті. Бала өсірді. Туған жерінен жырақ жүрсе де, қазақ жұрты майдан даласында жасаған ерлігін еш уақытта ескерусіз қалдырған емес.
Шынар АСАНҚЫЗЫ