Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бір жылдың ішінде қыруар жұмыс істелді. Әсіресе, қолөнер шеберлері еліміздің саз аспаптары мен байырғы бұйымдарын заман талабына сай икемдеп, ұлттық ерекшелігін бұзбай қолданысқа енгізді. Соның арқасында бабаларымыздан жеткен жәдігерлердің жаңа үлгісі күнделікті тұрмыста қолданылатын деңгейге жетті. Әрбір үйдің төрінде ілулі тұратын домбыраға деген ықылас ерекше. Өйткені, бұл ұлттық аспаптың құдіретіне қазір әлем назар аудара бастады. Сондықтан, шеберлер де аспапты жасағанда оның дыбысының таза болуына баса мән береді.
Жолаушы Тұрдығұлов қанында бар қасиетті дамытып, ата кәсіпті әспеттеген шебер. Ол «Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғаннан кейін көпшіліктің ұлттық құндылықтарға деген ықыласы артты», - дейді. Әсіресе, Астанадағы ЭКСПО көрмесі өткеннен соң қазақтың ұлттық аспабына шетелдіктерден сұраныс көбейген. Сондықтан, ол арнайы ұстахана ашып, ұлттық аспаптарды жасаймын деген талапты жастарға білгенін үйретуге ден қойған. Осылайша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жемісті жүзеге асуына өз үлесін қосып келеді.
Жолаушы Тұрдығұлов, ҚР Мәдениет қайраткері, шебер:
- Осы бағдарлама пайда болғаннан бері біраз жұмыс жасалып жатыр. Оның ішінде әртүрлі байқау, бәйгелер бар. Бірақ, оның өз бізге аздық етеді. Әрбір қазақ қолөнермен айналысатын болса, бізде жұмыссыздық та болмас еді. Сонымен қатар, егер жұмыссыздық болмаған жағдайда ол экономикамызға да әсер етеді. Жалпы, халықтың әл-ауқаты көтерілер еді. Содан кейін айналып келгенде ұлттық өнеріміз бұдан да әрі өрістер еді.
Елжас Орынбасарұлы бейнелеу және сызу мамандағында 3-ші курста оқиды. Университет қабырғасында үйренген теориялық білімін осы шеберханада тәжірибемен ұштастырады. Сондықтан, қазірдің өзінде ұсталықтың қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Енді ол қазақтың ұлттық аспаптарын әлемдік деңгейдегі брендке айналдыруға кіріскен.
Елжас Орынбасарұлы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенті:
- Домбыраның жасалу технологиясы бойынша әлемдік нарыққа шығарғым келеді. Дамыту, тек қана домбыра емес, қалған да аспаптарымыз жетіген, қобыз, сияқты аспаптарды дамытып одан әрі әлемдік нарыққа шығару және бәсекелес басқа аспаптармен скрипкамен бәсекелес ретінде дамытып жасау ғой. Біздің де, ұстаздарымыздың да арманы сол деп ойлаймын.
Міне, Мемлекет басшысының елдің рухын көтеріп, ұлттық құндылықтарын ұлықтауға арналған бағдарламасы жасқа да, жасамыс қа да дем берді. Жалпы, қазір ұлттық аспатар мен бұйымдарды жасаймын деген жастар көп. Бірақ, олардың барлығын үйрететін шеберхана аз. Сондықтан, Жолаушы Әбілғазыұлы «келешекте бұл өнермен әрбір қазақ айналысса да артық етпейді», - дейді.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ