«Тәуелсіздік дәуіріне» саяхат...
Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде өсу, өркендеу оңайға түскен жоқ. Бірақ Қазақ елі кері шегінбеді. Қиын кезең, қауырт жұмыс, шиеленіскен шақ, шешімі даулы бастамалар мен реформалар. 26 жылдағы дәл осындай жауапты сәттерді Елбасыдан артық ешкім айта алмас. Тарихты сөзбен суреттеп, саяси сарабдал қадамдарды қағаз бетіне түсірген Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы - соның дәлелі. Елбасы әсіресе, ел бірлігі мен экономикалық даму тақырыбына ерекше тоқталған.
Халықтар арасындағы достық пен ұлттар арасындағы келісімнің қандай бір «рецепті» болмайтынына жаһандық тарих көзімізді жеткізіп отыр. Бұғанасы қатпаған жас мемлекет сыртқы емес, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, жұмыс істейтін ішкі саясат тетіктеріне мұқтаж болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамды ұйытып, этностарды жақындастырып, қақтығыстардың алдын алатын тиімді тетікке айналды.
Қазақстан халқы Ассамблеясына жоғары баға беріп, Тәуелсіздік алғалы татулықты ту еткен Мемлекет басшысы бірлікті бірінші кезекке қойды. Соның нәтижесінде еліміздегі 140-тан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында алаңсыз өмір сүріп, мемлекеттің қай бастамасы болмасын қолдау танытып келеді. Елбасы елеулі еңбегінде осы кезеңдерге ерекше тоқталған.
Айгүл Сәдуақасова, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі:
- Экономикалық жағынан көп реформалар іске асты. Саяси жүйенің де модернизациялау, реформалау кезеңі өтті. Мұның бәрі елімізде бірлік болмаса нәтижелі болмас еді. Осының барлығын Елбасы өзінің кітабында қысқа әрі нақты айқын жазылған.
Елдің өркендеуін дәлелдейтін фактор – экономикалық көрсеткіш. ХХ ғасырдың соңғы жылдарымен салыстырғанда қазір елдің жағдайы әжептәуір түзелді. Мәселен, 1994 жылы ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 700 доллар болса, 2013 жылдың 1 қаңтарында ол 13 есеге артып, 12 мың долларға жеткен.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
- Ең бірінші бізге мұнай-газ саласының ықпалы бар. Себебі, Кеңес дәуірінде менің есебім бойынша 25 млн. тонна мұнай өндірген болсақ, бүгінгі күнде сол 86 млн. тоннаға жетті. Газ өндіру де 9-10 есеге артты. Бидайды экспорттаушы елге айналдық.
Бұл - Тәуелсіздік дәуірі тарихының бір парасы ғана. Ағынан жарылып, ақиқатын айтқан Елбасы шежірелі еңбекте өткенге көз жүгірте отырып, кемел келешектің кілтін ұсынып отыр. Ал оны жүзеге асыру сіз бен біздің қолымызда.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
