Бүгін Астанада қандай шаралар өтеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Астанада қандай шаралар өтеді?

16.12.2017

Бүгін Астанада күн суық болғанымен, мерекелік көңіл-күй барлық жерде сезіліп тұр. Қаланың әр жерінде Тәуелсіздік күніне арналған шаралар өтуде. Қалаға келген қонақтар мен тұрғындарға қандай қызықтар ұсынылады?

Тәуелсіздіктің басты жемісі - Астананың ең көрікті жерлерін көргіңіз келсе, туристік автобуспен серуендеп қайтыңыз. Айтулы күнге орай елордада осы қос қабатты қызыл автобустар 4 күн бойы көпшілікке тегін қызмет көрсетеді. Бұл көліктер таңғы сағат 10-нан бастап  түнгі он екіге дейін жұмыс істейді. «Думан» ойын-сауық орталығы маңынан мінесіз. Алыс-жақыннан келген туған-туыстарыңызға Астананы барша әдемі қырынан көрсетемін және де мереке күндерін пайдалы өткіземін десеңіз, мүмкіндікті жіберіп алмаңыз.

Бүгін сонымен қатар, қаланың қоғамдық көліктері де жолаушыларды тегін тасымалдайды.

Еліміздің басты мерекесіне орай  әртүрлі бағыттағы көптеген мәдени, ойын-сауықтық, көпішілік іс-шаралар жоспарланған. Айтулы күнді тойлау бір апта бұрын басталып кеткен болатын.  .

Музейлерде мерекеге орай арнайы көрмелер ұйымдастырылған. Сәкен Сейфуллин мұражайында «Ел  жүрегі  - Астана» көрмесі, «АЛЖИР» музейінде «Желтоқсан – тәуелсіздіктің бастауы» экспозициясы көпшілік  назарына ұсынылған.

Бірнеше күн болатын «Астана» концерт залында симфониялық оркестр мен «Сарыарқа» халық аспаптары ансамблінің концерттері көпшілікті қуантпақ. Ал бүгін сағат 19:30-да мұнда «Ән мен әнші» мерекелік концерті көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Сондай-ақ, бүгін қала әкімдігі алдындағы және «Бәйтерек» монументінің жанындағы алаңда еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерттер өтеді. Бұл думанды кештер сағат 18:00-де басталады.

Бүгінгі іс-шаралар мерекелік отшашумен түйінделмек. Қала билігі есте қаларлықтай үлкен шоуды уәде етуде. Оны  түнгі сағат 22:00-де «Ханшатыр» ойын сауық орталығы мен Есіл өзенінің жағалауынан және Абылайхан даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы гүлбақтан жақынырақ көруге болады.

Ал, ертең қала театрлары мен концерттік залдарында көптеген қойылымдар мен мәдени іс-шаралар жоспарланған. Тәуелсіздік мерекесінде осылайша рухани азық жиып, күнді әдемі өткізуге мүмкіндік бар.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу