Тәуелсіздік күні Үржар ауданында Батырлар аллеясы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік күні Үржар ауданында Батырлар аллеясы ашылды

16.12.2017

Тәуелсіздік күнін күллі қазақ жұрты лайықты деңгейде атап өтуде. Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданында Батырлар аллеясы ашылды. Сәулет орнында отты жылдары майдан даласынан оралмаған боздақтар мен бейбіт заманда елдің қалыптасуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлердің есімі жазылған. Бұған қоса, аудан орталығында «Бір өлең, бір әуен» форумы ұйымдастырылды. Барқытбелдің күнгейіндегі мерекелік іс-шараларды шығыстағы тілшіміз Дарын Сағитов көріп қайтты.

Мұнда 9 мыңға жуық батырдың есімі жазылған. «Отты жылдары ерліктің ерен үлгісін көрсеткендердің елжандылығы өскелең ұрпаққа өнеге», дейді үржарлықтар.

Нұрланбек Сандыбаевтың әкесі Бөлекбай ақсақалдың да есімі осы тізімнің ішінде. Жауынгер соғыстан аман-есен оралып, өңірдің дамуына тер төккендердің бірі. Ауыл шаруашылығы саласында талмай еңбек етті. Көпке сыйлы майдангердің есімін елі ұмытқан емес. Енді гүлзарға келген әркім оның рухына тағзым етеді.

Нұрланбек Сандыбаев, Үржар ауданының тұрғыны:

- Мұның барлығы біздің Тәуелсіздігіміздің арқасында болып жатыр. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын деп тілейміз. Бүгін елімізді әлем таныды, бүкіл Қазақстанның абырой, атағы дүниежүзіне белгілі болды.

Ал, мереке күніне орайластырылған салтанатты жиында түрлі салада еңбек етіп, егемен елдің қарыштап дамуына үлес қосқандар марапатқа ие болды. Үржар облыстағы басқа аудандармен иық тіресе көркейіп келе жатқан, шығыстың шырайын келтірген аудандардың бірі. Кейінгі жылдары әлеуметтік-экономикалық қарқыны еселеп өсті.

Кәленбек Қарашев, Үржар аудандық мәслихатының хатшысы:

- 21 жаңа мектеп салынған болатын. Сонымен қатар, 6 мәдениет үйі жөндеуден өтті. Осының барлығы хылықтың бірлігінің жемісі деп ойлаймын.

Ұлық мейрам «Бір өлең, бір әуен» форумына ұласты. Сахнада өңірден шыққан ақындар мен сазгерлердің шығармалары орындалды. Ән мен жыр төгіліп, оларға құрмет көрсетілді.

Гүлнәр Дәукенова, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:

- Өнер, мәдениет бар жерде біз рухани биікте боламыз. Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Өнерді ұлықтау - ұлылықтың өлшемі. Бұл мәдениетіміздің жарқын болашаққа жарқырай жетуіне деген қолдау болмақ. «Сонда ғана ұлт ұпайы түгенделіп, рухани құндылықтарымыз жанданады», - дейді жиналғандар. Бұл ең алдымен егеменді елдің ертеңі мен қаймағы бұзылмаған халқымыз үшін керек. 

 

Дарын САҒИТОВ

Хабарламаларға жазылу