Астана қаласындағы ЭКСПО аумағында мұз айдыны ашылды. Қалашық көрме уақытында көпшілікке танымал болған субұрқақтардың жанында орналасқан. Енді қала тұрғындары мен қонақтары үшін келер жылдың сәуір айына дейін ашық аспан астында коньки тебулеріне мүмкіндік бар. Кіру құны ақылы. Жеңілдік те бар.
Жаз бойы «жасыл» энергия көзімен жаһан жұртын таң қалдырған ЭКСПО аумағында енді қыс бойы коньки тебуге болатын қалашық ашылды. Жалпы аумағы 4000 шаршы метрді қамтитын алаң бір уақытта 700 адамды қабылдауға қауқарлы. Мұнда оқушылар мен зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ал, 6 жасқа дейінгі балалар тегін кіре алады.
Торғын мен інісі де алаңның ашылғанына қатты қуанды. Сәулеті келіскен сәнді ортада сырғанап, таза ауамен тыныстауды ұнататын олар енді мұнда жиі келмек ниетте.
Торғын Мұсабекова, оқушы:
- 5 жылдан бері коньки тебемін. ЭКСПО аясында қалашықтың ашылғанына өте қуаныштымын. Ініммен күнде келетін боламын. Көңіл-күй керемет.
Қалашыққа қыруар қаржы жұмсаған компания өкілдері 4 миллионға жуық мейман табан тіреген тарихи орта – көпшіліктің сүйікті орнына айналады деген сенімде. Мұз айдынының пішіні «Нұр Әлем» павильонына бағытталған жебеге ұқсас. Дәл ортасында түрлі бояулармен «ЭКСПО логотипі» де бейнеленген.
Ерлан Үмбетов, мұз айдынының басшысы:
- Ерекшелігі – ашық аспан астында биыл ашылған алғашқы мұз айдыны. Екіншіден, суды ауа райының көмегінсіз, арнайы тоңазтқыш жабдығы арқылы қатырдық. Шаһарда мұндай көлемді алаң болған жоқ. Конкьки тебушілер үшін жылыну бөлмелері мен тамақтану орындары да қарастырылған.
Қалашық таңнан түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Кіру құны 1000 теңге. Билеттерді арнайы сайт арқылы немесе ЭКСПО аумағында орналасқан кассалардан сатып алуға болады.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ