«ЭКСПО»-ға үлгермегендер павильондарды 11-қарашадан бастап аралай алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ЭКСПО»-ға үлгермегендер павильондарды 11-қарашадан бастап аралай алады

07.11.2017

 «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалап үлгермегендер қарашаның 11-нен бастап «Нұр Әлем» мен өзге де тақырыптық павильондарды аралай алады. Бұл туралы бүгін «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының өкілдері мәлімдеді. Қала тұрғындары мен қонақтар «Нұр Әлемді» осы аптаның аяғында ғана тегін тамашалай алады. Алдағы уақытта плазаға кіру билетінің бағасы 1500 теңге болмақ.  Билеттерді ресми сайттан немесе көрме маңындағы кассалардан сатып алуға болады. «ЭКСПО»-дағы өзгерістерге қатысты тағы бір жаңалық бар. Келесі айдан бастап көрме алаңына жаңа жылдық бас шырша да қойылады. Бұдан өзге, бұрынғы амфитеатр орналасқан жерде аумағы 3,5 мың шаршы метрлік мұз айдыны орын теппек. 

Гаухар Омарбек, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ  қоғаммен байланыс департаментінің өкілі:

 - Ел азаматтары үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар және 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер «ЭКСПО» кешеніне тегін кіре алады. Студенттер 800 теңгеден билет сатып ала алады. Мектеп оқушылары мен көпбалалы аналарға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу