Жәңгір хан дәуірінен қалған жәдігерлер көздің қарашығындай сақтаулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жәңгір хан дәуірінен қалған жәдігерлер көздің қарашығындай сақтаулы

02.06.2019

Батыстың бас қақпасы Оралдан әрідегі Бөкей Ордасы сонау 19 ғасырда даңқты Жәңгір хан дәуірінен қалған жәдігерлерді әлі күнге шаң тигізбей көздің қарашығындай сақтап келеді. Жәдігер болғанда, ұстайтындай ұсақ-түйек емес. 1828 жылы Жәңгірдің өзі салдырған Хан ордасы, қазіргі тілмен айтқанда, резиденциясы. Ай белгілі ақ мешіт. Қару-жарақ музейі. Оқу ошақтары. Банк. Баспахана. Дәріхана. Мұның бәрі қазақ даласында ең алғаш Жәңгірдің ықпалымен ашылған ғимараттар. Жасыл желегі жайқалған қарағайлы орман. Мұны да Бөкейдің ұлы хан Жәңгір шыбық кезінен өзі отырғызған.

Өте әсерлі. Тек тарихи топырақты көзбен көріп, көңілмен сезіну керек. Мысалы, шекарадағы бұл мекенге Елбасының өзі екі рет барған.

Сонымен, Жәңгір кім? Шын есімі –Жиһангер. Хан тұқымы. Қазақстанды «Еуропалық елдердің» қатарына қосуға ұмтылып, «кәрі құрлықтан» үлес алып қалған атақты Бөкейдің ұлы. Әбілқайырдың немересі, Нұралының шөбересі. Бөкей Ордасының соңғы ханы.

Реформатор һәм новатор, бірнеше тілді меңгерген полиглот. Еуропаға терезе ашып, мүлгіген қазақ даласына оқу-ағарту, медицина, экономика, сауда-саттық, экология саласындағы жаңашылықтарды әкелген азамат.

Иә, сайқал саясаттың салқыны ұрған кеңестік кезеңде тарихтан «Хан емессің, қасқырсың. Қас албасты басқырсың,  Хан емессің ылаңсың, қара шұбар жылансың» таңдаймызды тақылдатып талай жаттатып еді, есіңізде ме?! Шын мәнінде Жәңгір ресейлік жүйенің құрбаны болды. Ол билік құрған тұста саяси ахуал шиелініс тұрған еді. Қазақтарға Каспий теңізі, Жайық пен Еділ өзендерінің аумағына қоныстануға, мал суаруға, балық аулауға тыйым салынды. Бұл экономикалық шектеулер ақыры Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісіне әкеп соқтырды. Бұл айқасты Ресей қазақ хандығының аумағын отарлау мақсатында ұтымды қолдана білді. Арандап қалған Жәңгірдің қолымен арамзалар от көседі. Кейін коммунистік партияның ызғары есіп тұрған ызбарлы кезеңде де Жәңгірдің ұлтына жасаған жақсылығы, ақыл-парасаты, саяси көзқарасы, отарлаушыларға қарсы күресі жоққа шығарылды. Ханның рухына қиянат жасалды. Бірақ, ол ұрпаққа мол ұлағат қалдырған реформатор ретінде тарихта қалды. Бөкей Ордасындағы бұл мұралар – Елбасы ұсынған «Қазақстанның киелі жерлері географиясындағы 100 нысанның тізіміне де енді. Ендеше, аймаққа сапарлайық, әйгілі музей-қорығының бүгінгі тіршілігіне қанығайық...

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу