Брюссельде дәстүрлі шоколад көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде дәстүрлі шоколад көрмесі ашылды

24.02.2019

Адамзат баласы шоколад дәмін алғаш татқалы екі мың жылдан астам уақыт өтіпті. Ғасырлар бойы тек таңдаулылардың тағамы болып келген тәтті өнім қазір кез келгенімізге қолжетімді. Озық ойлы еуропалықтар осы бір таңсық тағамды ұзақ уақыт зерттеді. Кейінірек шоколадпен ауру-сырқауды емдейтін болды. Оны жеудің пайдасы мол екенін түсінді. Бір кесек шоколадтағы калий, кальций, минералды заттар мен дәрумендердің мөлшері бір жасыл алмадағыдан артық екен. Дәрігерлердің «шоколад тіс жегісіне әкеп соғады» деген пікірі де жаңсақ болып шықты.

Зерттеулерге қарағанда, америкалық арулардың 18 пайызы күйзелістен шоколадтың көмегімен арылады екен. Әзірге тек оны нақты қанша мөлшерде жеу туралы қызу дау тоқтаған жоқ.

Тәттісүйер қауым неше күннен бері Бельгияға ағылып жатыр. Ел астанасы Брюссельде дәстүрлі шоколад көрмесі ашылды. Көпшілікке «Шоколад салоны» деген атпен таныс жәрмеңке алғаш рет осыдан 25 жыл бұрын Парижде өткізілген екен. Сол уақыттан бері шара Франция астанасынан бөлек, тағы 23 елде ұйымдастырылды. Әлемге шоколадымен әйгілі Бельгиядағы жәрмеңке туралы Еуропадағы тілшіміз Нұрсұлу Қасымның репортажы.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу