Қаңтардың басында Елбасының тапсырмасымен жүргізілген «Жусан» арнайы операциясының арқасында Сириядан 47 отандасымыздың Отанға оралғанын айтып едік.
«Жусанның» маңыздылығын Нұрсұлтан Назарбаев кешегі Жастар форумында тағы бір атап өтті. Соғыс ошағында қалып қойған қазақстандықтарды атамекенге қайтару оңай болмады. Біздің елдің өзгелермен орнатқан берік дипломатиялық байланысы мен халықаралық аренадағы абыройының арқасында, ең бастысы, бейкүнә сәбилер тарихи отанына оралды.
Тағдыры талғанға түскен келіншектер мен олардың балалары қазір әлеуметтік, психологиялық көмек алып жатыр. Сондай-ақ, жат ағымның жетегінде кеткендердің діни сауатын ашу үшін теологтар да қалыс қалмай жәрдем беруде.
Шам елінен шарапат табамын деп, бақыт іздеп барамын деп сағы сынған, қиналып тынған қазақстандық келіншектердің жағдайы, қал-ахуал қалай?
«Жусан» операциясы жалғасады. Бұл туралы дүйсенбі күні арнайы брифинг өткізген Сыртқы Істер министрлігінің баспасөз хатшысы мәлімдеді. Айбек Смадияровтың айтуынша, Сирияда әлі де жүздеген қазақстандық бар. «Біз оларды ешқашан назарымыздан шығарған жоқпыз. «Сыртқы істер министрлігі, басқа да құқық қорғау органдары бұл мәселені шешуге атсалысуын жалғастыра береді», - деді Айбек Смадияров.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.