Тәуелсіздік күні: Азаттық қазаққа оңай келген жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік күні: Азаттық қазаққа оңай келген жоқ

16.12.2018

1991 жыл. 16 желтоқсан. Шекарасы кең, шеңгелі шегедей алпауыт КСРО ыдырап тынды. Қазақстан да еншісін алып, егемен ел болды. Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Тәуелсіздігімізді ресми түрде ең алғаш Түркия, артынша мұхиттың ар жағынан АҚШ мойындады. Кейін алып көрші Қытай, сосын Ұлыбритания «құтты болсын» айтып, тізім жалғаса берді. Жалпы, азаттық қазаққа оңай келген жоқ. ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында көршіміз орыстың отарына түстік. Сол кезеңде әр қазақ баласының тағдырына атан түйенің белі қайысатындай тауқымет жазылыпты. Олар бостандық үшін күресті.

1789 жылы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс, 1836-1837 жылдардағы Исатай мен Махамбет көтерілісі, 1837-1847 жылдары Кенесары бастаған қозғалыс, 1856-1857 жылдары Жанқожа батыр, 1855-1858 жылдары Есет батыр бастаған көтерілістер, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, 1917-1937 жылдар аралығындағы Алаш кезеңіндегі күрестер, одан кейін әлбетте, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Ұлы Тұран даласында қанша көтерілістер, қозғалыстар болса, соның бәрі тәуелсіздік үшін болды. Барлығы да ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасу жолында талай азапты бастан кешірді. Сөйтіп жүріп, аузына тістеп ұрпағын өсірді, құс қанаты талатын кең даласын қорғады. Қазақтың азаттық жолындағы арпалысы 1991 жылмен түйінделеді. Сондықтан, 1991 жыл біз үшін қастерлі кезең.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу