Елбасы барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

16.12.2018

Негізі мемлекет құрау деген ұлы процес заманақырға дейін жалғаспақ. Мына дөңгеленген дүниеде адамзат баласы жаралғалы бері талай империялар өткен, қазір жұрнағы да қалмады. Талай жоқ мемлекеттер өсіп-өнді. Қазақ та қайтадан ел құрап, өз алдына мемлекет жариялағалы 27 жыл болып отыр. Бұрын да жоқ емес едік, бар едік, бірақ, заман тар еді. Ұранымыз, мақсат-мұратымыз мүлде өзге сипатта еді. Міне, 27 жыл, кейбір мәселелерде күмілжіп қалып, күңкілден әріге аспасақ та, шекарамызды нақты білеміз, өз әскеріміз, астанамыз, жеріміз, еліміз бар жұртқа айналдық. Барлығы өтеді – қалатыны ел, қалатыны жер, қалатыны ұрпақ. Сол ұрпақ қанмен, термен келген Тәуелсіздікті құрметтей түсуі үшін үнемі еске салып отыру - бізге міндет. Сонымен, Тәуелсіздік - елдігін бағалай білетін ұлт үшін тойдың төресі. Бірақ, той болғанда да ән салып, би билейтін, қымыз ішіп, қызық қуатын той емес, өткеніңді бағалап, келешегіңе көз жіберетін, ойланатын, толғанатын той. Сондықтан, жыл сайын осы күн қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің игі-жақсыларын Астанаға жинайды. Салтанатты мәжіліс өткізіп, келелі мәселелерді талқылайды, елге еңбегі сіңген тұлғаларға мемлекеттік марапат тапсырады.

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу