Астанада дін көшбасшылары бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада дін көшбасшылары бас қосты

14.10.2018

Астанаға осы апта дүниежүзінің дінбасылары келді. Үш жылда бір өтеді, бұл VІ құрылтай. Ең алғашқы мәртебелі жиын есте болса, осыдан 15 жыл бұрын, яғни, 2003 жылдың қаңтарында өткен еді. Ол кез Жер шарында діни ахуалдың шиыршық атып, ширығып тұрған кезеңі болатын. 2001 жылғы, 11 қыркүйек оқиғасынан кейін әлем халқы сәлде орап, сақал қойғанның бәрін «терроршы» санап секемдене қарайтын. Мұсылмандарға деген көзқарас өзгеріп,  хақ дінге күйе жағушылар көбейген шақ. АҚШ-тың № 1 лаңкесті іздеп, Ауғанстанның астаң-кестеңін шығаратын, Ирактың билігін төңкеріп, басшысын дарға асатыны да сол жылдар. Тап осындай дінаралық алауыздық асқынған шақта Орталық Азияда орналасқан Қазақстан өзгеше мінез танытты. Әлімсақтан бері көзқарасы қабыспайтын, бір-бірімен амандаспақ түгілі, қатар отырмайтын діндердің басшыларын бір үстел басына жинады. Әуелгіде «бұл қалай болар екен» деп көпшілік күмәндана қарап еді, бірақ, «ат кісінескенше, адам түсініскенше» деген бар. Бастапқыда қыңырайып отырғандардың кейіннен иіні жібіді, ортақ мәселені алқа-қотан отырып шешетін болды. Крылов мысалындағы «Аққу, шортан һәм шаян» секілді өзді-өзінің мүддесін күйттемей, өртеніп тұрған тақырыпты талқылағанда өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын жол іздестірді. Әйтеуір әлемдік деңгейдегі діни көсемдер үш жыл сайын Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайынан керісіп емес, келісіп аттанатын деңгейге жетті.

 

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу