Моңғолияда бүркітшілер фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моңғолияда бүркітшілер фестивалі өтті

30.09.2018

Қыран құсты Қазақтай ұғынып, баласындай баптаған халық жер бетінде некен-саяқ. Қыран ұлттық танымда – өрліктің, еркіндіктің, азаттықтың нышаны ретінде қалыптасты. Әр ұлтты сипаттайтын ерекше нышандар бар. Орыс өзін алып аюға балайды, Қытай айдаһарын пір тұтса, Қазақ – құс патшасы қыранды құрметтеген. Халқымыздың табиғат тағысына деген сүйіспеншілігін перзенттеріне Бүркіт, Бүркітбай, Қыран деп ат қоюынан да аңғыруға болады. Ондағы ойы бүркіттей алғыр, қырағы, батыл болсын десе керек. Сырттан үйге кірген адам алдымен шаңыраққа, кейін үйдің оң жағында бүркіт отырған жерге де сәлем беретін салт бар. Бүркіттің алдын кесіп өтсе, құстың сағы сынады деп те ырымдаған. 

Қазақ қадір тұтқан ұлық өнерді Моңғолиядағы қандастарымыз көздің қарашығындай сақтап отыр. Бүркітшілер мен қазақтың көшпелі өмірі туралы түсірілген батыс фильмдері әлем назарын өзіне аудартты. Тек, Айшолпанды көруге келетіндер қаншама. Бұл үрдіс Баян-Өлгейдің туризм саласына серпіліс әкелді. Көше бойында топ-тобымен шұбырып жүрген шетелдіктер мұнда таңсық емес. Есесіне, сол саяхатшыларға қызмет көрсететін қызмет түрі қарыштап дамыды. Жуырда ғана Өр Алтайда өткен бүркітшілер тойына тілшіміз Ғабит Бөкенбай да барып, өзге жұрттың аңсарын өзіне аудартқан фестивальді көзімен көрді.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу