Моңғолияда бүркітшілер сайысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моңғолияда бүркітшілер сайысы өтті

12.10.2018

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында бүркітшілер сайысы өтті. Осымен 19-шы рет жалауын желбіреткен жарысқа 120 саятшы қатысып, өз өнерлерін паш етті. Қырандардың бабы мен бағын байқап, жарысты тамашалау үшін Баян-Өлгейге 20-ға жуық мемлекеттен турист жиналды.

Құсбегілер жарысы бұл жолы да дәстүрден жаңылмай салтанатты шеруден басталды. Ашылу рәсімінен соң әуелі, бүркітшілердің ұлттық нақышта тігілген киімі, ою-өрнекпен безендірілген саптама етік, бүркіттің тұрпаты, ат абзелдері бағаланды. Келесі кезең құсты қолға қондыру деп аталады. Бұл – бәсекенің ең қызықты тұстарының бірі.

Баян-Өлгей аймағындағы ең тәжірибелі құсбегілердің бірі - Емен Мүлтиұлы. Қыран бүркітті баптаумен шұғылданғанына қырық жылдан асқан. Биылғы жарысқа оның немересі де қатысып жатыр. Бүркітшілер тойына шөберенің де келетін күні алыс емес.

Емен Мүлтиұлы, құсбегі:

- Шөберенің алды биыл 10-ға толды. Ол да сұңқар алып, үйдің жанында ойнап жүреді.

Қыранға құмар халықтың қарасы қалың. Бүркітшілердің өнерін тамашалауға 20 мемлекеттен 1500-ге жуық турист жиналды. Солардың бірі - Калифорниядан келген Аманда. Ұшуды бақытқа балап, көкте құстай қалықтағанды жаны сүйетін ол парашютпен секірудің кәсіби маманы.

Аманда, саяхатшы:

- Мен Калифорниядан осы жерге 7-ші рет келіп тұрмын. Өзім жастайымнан парашютпен секіремін.  Аспанда қалқып ұшатын қыран, бүркіттерді зерттеп жүрмін. Сондықтан, осы жарысқа үнемі келуге тырысамын.

Екінші күні шырға тарту сайысы өтіп, саятшылар қыран құстарының бабымен мақтанды. Жалпы, бұл жарыс бүгінде Моңғолияда кең көлемде аталып өтетін санаулы тойдың біріне айналған.

Ғылымхан Айыпұлы, Баян-Өлгей аймағының әкімі:

- Үкімет орнынан бекітіп берген, қазан айының алғашқы аптасында ұйымдастырылып отырады. Сонымен қатар, 2015 жылы біз Ұланбатыр қаласында бүркітшілер тойын өткіздік.

Қазір Бай-Өлке аймағында 450 бүркітші болса, олардың саятшылығын қызықтап келетін саяхатшылар мыңдап саналады. Олар құсбегілік өнерге таңдай қағып тамсанады. Сол сәттерді көру үшін қаржысын аямайды.

Бұл жерге жиналған шетелдік туристер, бүркіт тойынан бөлек, қазақ халқының қыз қуу, теңге ілу, көкпарын, моңғолдардың садақ ату сайысын да тамашалайды. Сонымен қатар, түйе жарысын қызықтап, әдемі фотосуреттерін түсіріп, кейін оларды бүкіл әлемге паш етуге мол мүмкіндік алады.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу