Бұдан былай Парламент пен Үкімет жұмысын мемлекеттік тілде жүргізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұдан былай Парламент пен Үкімет жұмысын мемлекеттік тілде жүргізеді

04.03.2018

Ақпан кетіп, наурыз келді. Кей өңірлерде жылымық жел соғып, көктемнің лебі есті. Кейбірінде қыстың дәурені әлі біте қойған жоқ. Осындай мезгіл алмасқан шақта Ақордада мемлекет құраушы ұлттың мерейін асырған тапсырма берілді. Бұдан былай Парламент пен Үкімет жұмысын мемлекеттік тілде жүргізеді. Аптаның алғашқы күні Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдаған Президент ана тілдің абыройын арттыру мәселесіне айрықша тоқталды. «Біз қазақ тілінің дәрежесін көтеруге қатысты жұмыс істеуіміз керек», - деді.

Қазақ тілін кириллицадан латын қарпі графикасына алмастыру - сөзсіз тарихи шешім. Елбасы министрге жаңа әліпбиге кезең-кезеңмен көшудің маңыздылығын ескерте келе, қазақ тілін оқыту әдістерін жетілдіру мәселесін де жан-жақты зерттеп-зеределеуді тапсырды. Кездесуде сонымен қатар, отандық телеарналардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы талқыланды. Көптің де қалауы сол ғой, Президент отандық телехикаялардың сапасын жақсартып, масс-медиа арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесіне айрықша тоқталды.

Мұқият тыңдап болған соң министр Дәурен Абаев Елбасына «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылар ауқымды жұмыстар жайында айтты. Бұл бағытта министрлік тарапынан 100-ден аса шара жоспарланған.

 

 

Хабарламаларға жазылу