Бұдан былай қаржылық мониторинг агенттігі лауазымды тұлғалардың жеке тізімін жүргізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұдан былай қаржылық мониторинг агенттігі лауазымды тұлғалардың жеке тізімін жүргізеді

30.09.2021

Бұдан былай қаржылық мониторинг агенттігі лауазымды тұлғалардың жеке тізімін жүргізеді. Тіпті олардың отбасы мүшелері мен туыстарының да мәліметі қолда болады. Бұл қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға және терроризмді қаржыландырудың алдын алу үшін қажет. Бүгін мәжілісте осы мәселені реттейтін заң жобасы мақұлданды.

Құзыреті бардың құрығы ұзын. Оларға қылмыстық жолмен ақша тауып, оны заңдастыру оңай. Одан да сорақысы терроризмді жарылқауы да ғажап емес. Сондықтан қаржылай және мүліктей операцияларды орындаушылардың тізімі түзіледі. Кімдер тексерілетінін Президент бекітеді.

Сергей Симонов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ал, халықаралық стандартқа сәйкес бұлар өз елінде мемлекетті басқаруға құзырет берілген лауазым иелері. Яғни, мемлекет және үкімет басшылары, ірі шенеуніктер, сот және әскери қызметкерлер, көрнекті саяси қайраткерлер мен квазисектор жетекшілері. Саяси партиялар да бар.

Лауазым иелерімен бірге олардың отбасы мүшелері мен туыстары да тізімге енеді. Сондай-ақ цифрлық активтерді шығару, оның сатылуын немесе ақшаға, өзге де мүлікке айырбастауды іске асыратындар да назардан тыс қалмайды. Бұлар қаржы мониторингінің нысанасында болады. Енді арнайы агенттік шенеуніктерге сұрау салып әбігерге түспейді. Жаңа құжат қаржылық операцияларды тікелей бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Жеңіс Елемесов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары:
Қазіргі таңда агенттік сұрау салу арқылы ғана ақпарат алады. Бұл процеске біраз уақыт кетеді. Ал, егер заң жобасы қолданысқа енсе агенттік шұғыл қол жеткізу құзыретіне ие болып, жұмыс жандана түсер еді.

Жылжымайтын мүлік арқылы қаржы жымқыру айласына да амал табылды. Бұрын тексеріс 200 млн теңгенің операциялары кезінде жүргізілсе, енді 50 млн теңгеден бастап күдікке ілінеді. Өйткені, өңірлерде тұрғын үй аса қымбат емес.

Нысаналы Ығыл 


Хабарламаларға жазылу