Елбасы бір жылда шетелге 4 рет ресми, 7 рет жұмыс сапарымен шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы бір жылда шетелге 4 рет ресми, 7 рет жұмыс сапарымен шықты

24.12.2017

Әдетте мемлекеттік құрылымдарда жыл басы жайбарақат басталып, жұмыс көктем шыға қызатын. Барлық мекемелер бюджеттен бөлінген қаражатты күтіп, тырп етпей отыра беруді әдетке айналдырып алған. Алайда, биылғы жыл олай болмады. Қаңтардың алғашқы күндерінен-ақ жұмыс қызып сала берді. Оған Президенттің өзі алдымен себеп болды. Барлық дерлік құзырлы органдарға пәрмен беріп, қозғау салды. Елде Конституциялық және институционалдық реформалар басталды. Оны талқылауға халық та кеңінен тартылды. Тек қана алғашқы айдың ішінде жекелеген азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан мыңдаған ұсыныс түскен болатын. Бұл ұсыныстардың біршамасы Ата заңның жаңа редакциясына енді. Соған сәйкес, ел Президенті өз еркімен біршама құзыреттерін биліктің басқа тармақтарына тапсырды. Мемлекет басқару жүйесіндегі мұндай түбегейлі өзгерістер заң шығарушы орган мен атқарушы биліктің белсенділігін арттыруы тиіс еді. Ондай белсенділіктің алғашқы нышандары байқалғанымен, биліктің бұл тармақтарында әлі де жалтақтық бар. Үйреншікті әдетпен Ақордаға қарап, сол жақ недер екен деп телміретін сана оңайшылықпен сына қоймасы анық. Ол үшін бұйрықты күтіп, онсыз дәрменсіз күйге түсетін сана да өзгеруі қажет. Оған да алғышарттарды Президенттің өзі жасап берді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел рухын оятып, қайта түлетуді ғана мақсат тұтқан жоқ. Оның тағы бір басты мақсаттарының бірі – қоғамымыздың өз ішіндегі қарым-қатынастарды, мемлекет пен жеке адам арасындағы, Отан мен азамат арасындағы, халық пен билік арасындағы қатынастарды жаңа сапалы сатыға көтеру. Осы алғышарттар орындалған кезде ғана Президент бастаған институционалдық реформалар жемісін береді. Ал, оған әлбетте уақыт керек. Уақытпен бірге ниет те болуы шарт. Осылайша, институционалдық реформалармен басталып, рухани жаңғыруға аяқ басумен жалғасқан 2017 жыл Қазақстан үшін жаман болған жоқ.

Еліміздің сыртқы саясаттағы бастамалары да табысты болды деп айтуға болады. Қазақстанның Орта Азиядағы ықпалы күшейді. Көрші Өзбек елімен қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Түрікменстанмен ара қатынас жанданды. Орта Азия елдерінің жақындасуына қарсы күштер араға сына қағып, кейбір  елдердің саяси күштерін Қазақстанға қарсы қоймақ болған. Бірақ, олардың бұл әрекеттерінен түк шықпады. Қазақстан бұл аймақтағы елдермен қарым-қатынасты қашан да дамыта беретіндігін тағы бір дәлелдеді. Бірақ, біздің елдің сыртқы саясаттағы амбициялары бұл ғана емес. Осы жыл ішінде Мемлекет басшысы ортаазиялық көршіміз Өзбекстаннан бөтен бірталай елге сапар шекті. Біріккен Араб Әмірліктеріне 3 қайтара барып, мұнайлы мемлекеттің қаржы орталығын құрудағы тәжірибесімен танысты. Сондай-ақ, президент Сауд Арабиясында өткен «АҚШ және Ислам әлемі» атты маңызды халықаралық басқосуға қатысты. Осы жиында елбасы АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев биыл Қытай президенті Си Цзиньпинмен де екі рет жүздесті. Оның бірі Бейжіңдегі  «Бір белдеу, бір жол» атты форумы аясында өтті. Жалпы, Елбасы бір жылда шетелге 4 рет ресми, 7 рет жұмыс сапарымен шықты.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу