Полицей көлік жүргізушісінен 1 миллион теңге пара талап еткен

10.12.2019

Елордада мақтаулы полицей жүргізушіден пара талап еткені үшін 7 жылға сотталды. Жаза арқалаған Азамат Балтабев жайлы бұған дейін бірнеше рет ақпарат таратқан едік.

Өйткені экс-инспектор үш рет ерлік жасап, 4 адамды ажалдан арашалаған болатын. Биіктен құлай жаздаған 6 жастағы баланы құтқарды. Көпірден секіріп, суицид жасамақ болған жігітті судан алып шықты. Тіпті, осы үшін өткен жылы Ақорданың төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жол сақшысын «Айбын» орденімен марапаттаған еді. Алайда бүгінгінің батыры атанған Балтабаев, әріптесі Ринат Әбдірахмановпен бірге пара талап еткен. Тергеу мәліметтеріне қарағанда полицейлер наурыз айында мерседес көлігін тоқтатып, жүргізушінің спирттік ішімдік ішкенін анықтаған. Сөйтіп әкімшілік іс қозғамас үшін одан бір миллион теңге көлемінде пара сұраған. Десе де жүргізуші оларға 400 мың теңгені ұстатып, кейін шағым түсіріпті. Осы үшін ол айыппұлмен құтылса, жол сақшылары біраз жылын темір торда өткізеді.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу