Осы аптаның ортасында Алматыдан Шымкентке бағыт алған АН-28 әуе техникасы кешкі жетілер шамасында апатқа ұшырады. Іле ауданының Қосөзен елді мекені тұсында көзбайланған шақта айналасын жарқ еткізген көріністі көрген куәгерлер де бар. Бұл бірінші апат емес. Өкінішке орай, азаматтық авиациядағы мұндай апатты оқиғалар тым жиілеп барады.
Жыл басынан бері Алматы облысының өзінде 4 әуе машинасы діттеген жеріне жеткен жоқ. 10 адам үйіне қайтпай қалды. Бұл оқиғалардың қайта-қайта қайталануына не себеп деген сұрақ көптің көкейінде жүр. Қазір АН-28-дің неліктен құлағанын арнайы құрылған комиссия тексеріп жатыр. Ұшақтың «қара жәшігі» көрші мемлекетке жіберілді. Өйткені, оны зерттейтін мекеме бізде әлі күнге дейін жоқ екен.
Апатқа ұшыраған АН-28 әлемдегі ең қауіпсіз ұшақтардың бірі есептеледі. Бұл әуе кемесі 1990 жылы Польшада жасалыпты. «East wing» әуекомпаниясына тиесілі ұшақтың сыйымдылығы 17 адам. Таза салмағы 4 мың келі. Сағатына 355 шақырым жылдамдықпен ұшуға қауқарлы, 1 250-ден 1 980 шақырымға дейін тоқтамайтын мүмкіндігі және бар.
Мирас МҰҚАШ