Биыл Тәуелсіздікке – ширек ғасыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Тәуелсіздікке – ширек ғасыр

18.12.2016
Мерейтойға орай өткен салтанатты жиында көтерілген мәселелерге қоғам белсенділері пікір білдірді.

Сонымен, ұлт тарихындағы ұлы мерекені апта бойы атап өттік. 91-дің 16-шы желтоқсаны - бостан ғұмырды бастаған күніміз, бодандық қамытын тастаған күніміз. 1991 жылы шекарасы кең, шеңгелі шегедей қатты КСРО қайраты тайып, ыдырап тынды. Қазақстан да енші алып, егемен болды. Сол жылдың 16-шы желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы» Конституциялық заңды қабылдады.

Ең алғаш Түркия, соңынан, АҚШ Тәуелсіздігімізді мойындады. Кейін Қытай, сосын Британия «құтты болсын» айтты. Одан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран... тізім жалғаса берді.

Аманжолдың Қасымындай жаһандағы жалпақ жұртқа «танисың ба, сен мені, мен қазақтың баласы!» деп халықаралық саясатта Қазақстан деген мемлекет барын таныттық. Одан бері соқтықпалы, соқпақсыз, күрделі де шырғалаң кезеңдерден өттік, шыңдалдық. Алаштың аты алысқа жетті, G-8, G-20-дай азулылар ақылдасатын айбарлы елге айналды.

Биыл Тәуелсіздікке – ширек ғасыр. Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік. Бар байлығымызды өзімізге бұйыратын еттік. Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік. Ел болудың ең ауыр белесінен өттік.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу