EXPO өткен соң Астана халықаралық қаржы орталығы ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

EXPO өткен соң Астана халықаралық қаржы орталығы ашылады

29.05.2016
EXPO өткен соң Астана халықаралық қаржы орталығы ашылады
ТМД мен Орталық Азияда алғаш ашылатын қаржы орталығы Дубай үлгісінде жұмыс істейді.

Негізі дүниенің бірқатар дамыған елдерінде сәтті жүзеге асқан алып жоба сәтін салса, біздің елде 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Арнайы экономикалық аймақтың дербес заң жүйесі болады.

Онда әлемдегі инвестициялық банктер, қаржы саласына қызмет ететін мекемелер, сақтандыру компаниялары және өзге қызмет түрлері түгел шоғырландырылады. Халықаралық қаржы орталығы Дубай моделі бойынша жұмыс істейді.

Қазақ неліктен Әмірліктің тәжірибесін таңдады? Жалпы, Елордада әлемдік деңгейдегі ірі жобаны іске асыру Қазақстан мен Еуразия нарығына не береді?

Азат Рыстанбек, тілші:
Дубай. Әлемдегі ең сәулетті, дүниедегі ең дәулетті қалалардың бірі. Даму деңгейі жыл санап артып жатқан шығыстың шырайлы шаһары демалушылардың сүйікті орнына айналып қана қомай, жаһандық бизнес туризмінің ордасына айналды.

Себебі, Әмірлік шетелдік инвесторлар үшін бар жағдайды жасады. Қаланың қарқынды дамуына серпін берген жобалардың бірі біз тұрған - Дубай халықаралық қаржы орталығы.


Халықаралық қаржы орталығы инвесторларға бар жағдайды жасаған. Алдымен салықтан босатты, сосын ағылшын үлгісіндегі құқық жүйесін енгізді. Бұл инвесторлардың сенімін арттырды, нәижесінде елге қаржы ағылды.

Қазір әлемде 80 қаржы орталығы болса, Дубай небәрі он жылда Нью-Йорк, Лондон, Сингапур, Гонконг сынды орталықтармен үзеңгілесіп үлгерді. Бизнес алаң бүгінде әлем бойынша 17-орында.

Қайрат Лама Шариф, Қазақстанның БАӘ Төтенше және өкілетті елшісі:

Дубай халықаралық қаржы орталығы қызметінің тәжірибесі Астана қаржы орталығын дамытуға қуатты серпін береді деп күтілуде және Қазақстан экономикасына 350 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін. Исламдық қаржыландырудың өзі 40 миллиард теңгені құрауы мүмкін.

Қаржы орталығының аумағы 100 гектар жерді алып жатыр. Мұнда қаржы саласында қызмет көрсететін 1445 компания тіркелген. Арасында әлемге әйгілі 25 банк, дүниеге белгілі 10 ірі сақтандыру компаниясы, 7 заң компанияcы, 20-ға жуық жетекші топ-менеджерлер жұмыс істейтін компаниялар бар.

Адриан Струиджк, қызмет көрсетуші компанияның директоры (АҚШ):

Қазақстанда қаржы орталығын ашу өте батыл бастама деп есептеймін. Оның үстіне Астананың Дубай моделін таңдауы өте дұрыс болған. Себебі, онда бизнес ашуда шетелдік компаниялар үшін ешқандай әкімшілік кедергі болмайды. Мұның бәрі жұмысты жеңілдетеді.

Азат Рыстанбек, тілші:
Дубай халықаралық қаржы орталығы жергілікті заңнамаларға бағынышты емес. Арнайы экономикалық аймақтың тәуелсіз заңы, дербес соты бар. Дәл осы жерде компаниялар арасында туындаған коммерциялық, экономикалық істер қаралады. Судьялар құрамы шетелдіктерден жасақталған. Бұның бәрі туындаған дауларды тараптарға тиімді және әділ шешуге мүмкіндік береді.

Әлемде кеңінен қолданылатын және бизнеске жақсы таныс үш құқықтық норма бар. Олар англосаксондық, континентальды және шариғат. Дубай орталығы осы үш жүйені бірдей енгізді. Әлемдегі инвесторлардың әмірлікке ағылуы осыдан. Ал құқы бұзылған жағдайда ондағы халықаралық сотқа шағымдана алады.

Марк Биир, халықаралық қаржы орталығы сотының бас атқарушысы:
Қазақстанда қаржы орталығын ашу өте батыл бастама деп есептеймін. Оның үстіне Астананың Дубай моделін таңдауы өте дұрыс болған. Себебі, онда бизнес ашуда шетелдік компаниялар үшін ешқандай әкімшілік кедергі болмайды. Мұның бәрі жұмысты жеңілдетеді.

Елбасы былтыр Назарбаев Университетінің алғашқы түлектерін құттықтап, оларды Астана қаржы орталығында жұмыс істеуге шақырған еді. Президенттің үндеуі Айнұрдың Дубай халықаралық қаржы орталығында тәжірибе жинауына түрткі болды. Қазақ қызы қазір орталық сотында тағылымдамадан өтіп жүр.

Айнұр Қожамжарова, «Бизнес тағылымдамалары» бағдарламасына қатысушы:

Елбасының бұл жоспары өте үлкен және жүзеге асатын жоспар. Ол кісі алға ойлап, елінің даму үшін үлкен идеяларды ұсынады және менің осы Дубай халықаралық қаржы орталығына келіп отырғаным Назарбаев Университетінің арқасында. Осы жобаның басынан бастап бірге болып Астана қаржы орталығы ашылғанннан кейін сонда жұмыс істеймін деген ойдамын.

Айнұрға әлемнің жетекші әрі кәсіпқой мамандарынан тәлім алу оның болашағы үшін, Қазақстан үшін аса қажет.

Қайрат Лама Шариф, Қазақстанның БАӘ Төтенше және өкілетті елшісі:

Қазіргі кезде Дубай халықаралық қаржы орталығының басқармасы және Ұлттық банк арасында, Қазақстан қор биржасы жане Дубайдың биржасы арасында, Жоғарғы сот пен Дубай сотымен өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.

Астанада ашылатын қаржы орталығында приват-банкинг, активтерді басқару, капитал нарықтарын дамыту, халықаралық қор биржасы және исламдық қаржыландыру жүйесі жұмыс істейді.

Яғни, әлемдік компанияларды бір жерге шоғырландырып, өзара іскерлік қатынасты қалыптастырады. Батыс пен Шығыс нарығында қатынассыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Олар Дубайдағыдай 50 жыл салықтан босатылады. EXPO кешеніндегі кеңселер екі жылға тегін беріледі. Ал, мұның барлығы инвестиция тартуға, жалпы ішкі өнімнің ұлғаюына себеп болуы тиіс.

Азат Рыстанбек, тілші:
Дубай халықаралық қаржы орталығында инвестициялық жобалармен қатар түрлі қызмет түрлері ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақта әлемге әйгілі қонақ үйлер, мейрамханалар, дүкендер желісі және демалыс орындары жұмыс істейді.
Яғни, олар да орталықтың қатысушылары, салықтың барлық түрінен босатылған және олар үшін ешқандай әкімшілік кедергілер жоқ. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық аймақта ірі, орта және шағын бизнестің кластері қалыптасқан.


Яғни, инвесторлардың көп келуі жаңа компаниялар мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына себеп болды. Елорданың алдында енді осы ауқымды жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Дубай қолдау көрсетуге дайын.

Қазір ірі қаржы орталықтарымен байланыс орнатылуда. Олардың арасын жалғайтын тікелей рейстер ашылады, бизнес өкілдеріне виза беру жеңілдейді. Сарапшылардың пікірінше, Астананың Кәрі құрлық пен Сары құрлықтың арасын жалғайтын алып қаржы орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар.

Азат РЫСТАНБЕК

Хабарламаларға жазылу