Астанада өткен бокстан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында Ұлттық құрама топ жарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада өткен бокстан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында Ұлттық құрама топ жарды

29.05.2016
Астанада өткен  бокстан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында Ұлттық құрама топ жарды
48 келі салмақта жұдырықтасқан Назым Қызайбай осымен екінші мәрте Әлем чемпионы атанды.

Спорт әлемінен бірер ақпар. Түн ұйқысын төрт бөліп Чемпиондар лигасын көрген жанкүйер қауымы алдыңғы күні «Астана арланыстың» бүкіләлемдік бокс сериясының финалына шыға алмай қалғанын қынжылыспен қабылдады. Британ елінің былғары қолғап шеберлеріне есе жіберген жерлестеріміз 7:3 есебімен ұтылды.

Дегенмен, еңсе түсірмеңіз, есесіне Елордада тұңғыш рет өткен бокстан қыздар арасындағы Әлем чемпионатында біздің бұрымдылар жарады. Байрақты бәсекеде Ұлттық құрамадағы 10 қызымыз ел намысын қорғап, оның төртеуі топ жарды.

Ерекше айтқымыз келетіні, ең жеңіл салмақта жұдырықтасқан Назым Қызайбай осымен екінші мәрте Әлем чемпионы атанды. Қазақтың Ұлттық арнасы мен «KazSport» арнасы тікелей транслиция таратты.

Елордамызда тұңғыш рет ұйымдастырылған бокстан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатына 73 мемлекеттен 326 спортшы қатысты. Бұл осы уақытқа дейін өткен әлем біріншіліктерімен салыстырғанда, қатысушылар саны рекордық деңгейде болды.

Жаһандық бәсекеге Иордания, Мозамбик және Сьерра-Леоне елінің өкілдері алғаш рет қатысты. Жарыстың алғашқы күнінен бастап мықтылар өз салмақтарында суырылып шыға бастады.

Енді сайыстың финалдық кезеңіне келетін болсақ: Назым Қызайбай Әлем чемпионатында 48 келі салмақта жұдырықтасты. Финалдық сында Қытай елінің былғары қолғап шебері Юань Ваньмен кездескен ол қарсыласын 3:0 есебімен ойсырата ұтты.

Осылайша, өз салмағында топ жарып, еліміздің байрағын көкке көтерді. Бұл медаль Назым Қызайбайдың Әлем чемпионаттарында алған үшінші жүлдесі. Ол ең бірінші рет 2012 жылы Қытайда өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлдесін иеленген болатын.

Содан кейін, 2014 жылы Оңтүстік Кореядағы турнирде жеңіске жетіп, Әлем чемпионы атағын еншіледі. Енді міне, Астанадағы Әлем біріншілігінде ел намысын жоғары деңгейде қорғап, жерлестеріміздің үмітін ақтады.

Назым Қызайбай, бокстан екі дүркін Әлем чемпионы:
Екі дүркін Әлем чемпионы болғаным үшін жанкүйерлеріме алғыс айтамын.


Назымның жеңісті жолын 54 келі салмақтағы Дина Жоламан жалғастырып, еліміздің қоржынына екінші «алтынды» салды. Елорда төрінде керілген шаршы алаңда Дина финалдық кездесуде болгар спортшысы Стойка Петровамен күш сынасқан. 23 жастағы жерлесіміз бірінші раундтан бастап айқын басымдық көрсетіп, қарсыласын оңай жеңді.

Дина Жоламан, бокстан Әлем чемпионы:
Мен өте қуаныштымын. Осы жеңіске 9 жыл дайындалып, мақсатыма жеттім. Барлықтарыңызға рахмет!


Ал, 69 келі салмақ бойынша өткен бәсекеде Қазақстан атынан шыққан Валентина Хальзева елімізге үшінші алтын жүлдені сыйлады. Ол финалдық кездесуде Қытай елінің өкілі Гу Хон есімді боксшымен жұдырықтасты. Жерлесіміз бұл жекпе - жекте барын салды, аянып қалмады. Төрешілердің шешімі бойынша бұл қызымыз да жеңімпаз атанып, үшінші «алтынды» қоржынға салды.

Валентина Хальзева, бокстан Әлем чемпионы:
Мен осы жекпе-жекке ұзақ дайындалдым, барымды салдым. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Кездесу өте қиын болды.


Әлем біріншілігінде 81 келіден ауыр салмақта рингке шыққан Ләззат Күнгейбаева да жанкүйерлерді жерге қаратпады. Ол финалда АҚШ-тың былғары қолғап шебері Шадаси Гринмен кездесті.

Естеріңізде болса, 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Әлем біріншілігінде жерлесіміз ресейлік Земфира Магомедалиеваға жол беріп, «күмісті» қанағат тұтқан болатын.

Ізін ала арнамызға берген сұхбатында, «биылғы Әлем чемпионатында міндетті түрде «алтын» аламын», деген еді. Ләззат уәдесінде тұрды. Финалда қарсыласын 3:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, ұлттық құрамаға төртінші «алтынды» сыйлады.

Ләззат Күнгейбаева, бокстан Әлем чемпионы:
Бапкеріммен ақылдаса отырып дайындалдық. Қанша тер төктік, соның жемісі деп ойлаймын.


Сонымен қатар, финалға шыққан Жайна Шекербекова мен Айжан Қожабекова қола жүлдегер атанды. Осылайша, мамырдың 19 мен 27-сі аралығында өткен лицензиялық Әлем чемпионатында әйелдер құрамасы жалпы саны 6 жүлде иеленді.

Оның төртеуі алтын екеуі қола медаль. Қарсыластарын бет қаратпай ұтқан қыздарымыз командалық есепте бірінші орыннан бірақ шықты. Бұл еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Себебі осыған дейін Әлем біріншілігінде қыздарымыз ең көп медальді тек 2014 жылы ғана еншілеген еді, яғни 1 «алтын», 1 «күміс».

Ал, Әлем чемпионтындағы екінші орынды қытай қыздары иеленсе, үшінші орын АҚШ боксшыларына бұйырды. Бұл Әлем чемпионатының ерекшелігі — биылғы жылдың басты додасы Бразилияда болатын Жазғы Олимпиада ойындарына 3 салмақ дәрежесі бойынша жолдама сарапқа салынған болатын.

51 келіге дейінгі салмақтағы жолдаманы Жайна Шекербекова еншілеп, құрамаға екінші Олимпиада жолдамасын әкелді. Бұған дейін, алғашқы лицензияны Дариға Шәкімова алған еді.

Командалық жеңістің Бразилияның Рио-Де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарында да жалғасарынан үміттіміз.

Рустам БАЙДӘУЛЕТ

Хабарламаларға жазылу