Осы апта түлектер алтын ұя мектептерімен қоштасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы апта түлектер алтын ұя мектептерімен қоштасты

29.05.2016
Осы апта түлектер алтын ұя мектептерімен қоштасты
Елімізде 120 мыңнан астам оқушы алтын ұя мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге қанат қақты.

«Сыңғырла соңғы қоңырау,
Тілегің болсын түлекке.
Сиқырлы үнің күш берсін,
Үлпілдеп тұрған жүрекке!». Осы апта ел түлектерінің есінде елеулі оқиғамен қалды. Сәрсенбіде мектеп бітіруші оқушылар үшін соңғы қоңырау соғылды. Сөйтіп, 120 мыңнан астам оқушы алтын ұя мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге қанат қақты. Енді бірер аптадан кейін түлектерге салтанатты түрде 11 жыл бойы білім алғандығын куәландыратын аттестаттар табыс етіледі.

Бірақ, оған дейін түлектер 11 жыл оқып-білгендерін, жадына түйгендерін түйіндеп тест тапсырады. Алда, білім бәйгесі. Оған биыл 86 мыңдай түлек қатысады. Оның 63-мыңы мектепті қазақ тілінде, 23 мыңдайы орыс тілінде тәмамдап отыр. Мемлекет оларға 31 700 грант бөлді. Түлектердің 4832-сі Алтын белгіден үмітті. Тестілеу маусым айының 2-і мен 15 аралығында өтеді.

Қуаныштары қойнына сыймай, толқып тұрған бұл түлектер Астанадағы №75 мектеп оқушылары. Қоңырау үнін соңғы рет естіп, мектеппен қоштасқалы тұр. 11 жыл бойы бір партада отырып, білімге қаныққан ұл-қыздар бұл сәтті әлі ұзақ уақыт ұмытпайды.

Сиқырлы қоңыраудың соңғы үні. Сәрсенбіде Қазақстан бойынша 120 мыңнан астам бала үшін соғылды. Сөйтіп, бір кездері білім ошағына тарыдай болып кірген түлектер таудай болып үлкен өмірге аттанды. Балаларының есейгенін көрген ата-ана көз жасына ерік берді, ал шәкірттерін қимаған ұстаздар түлектеріне сәт-сапар тіледі.

Қала тұрғыны:
Ұлымыз мектеп бітіріп жатыр биыл. Қуаныштымыз. Сол қалаған мамандығына түсіп, үлкен азамат болса екен. Соны тілейміз.


Қала тұрғыны:
Осы балаларымызға ақ жол тілейміз. Балаларымыз бітірген лицейден алған тәлім-тәрбиесі оларға өмір бойы азық болады десек артық айтпағаным.

Ия, ерінетін кез емес қазір. Алда Ұлттық бірыңғай тест. Енді, бірер күннен кейін түлектер 11 жылдық білімді түйіндейді. Оқушылар тіпті, қазірден, кім болатынын, қайда оқитынын, қайда қызмет қылатынын жоспарлап қойған.

Жас түлек:
Мен экономист боламын. Калининград қаласындағы Балтық Федералды университетіне оқуға түсемін.


Жас түлек:
Аудармашы болғым келеді.


Тестілеумен бірге тағы бір маңызды мерекенің межесі жақын. Мектеппен қоштасу кеші. Қазір, көп түлек соның қамына кірісіп те кетті. Қатарынан қалыспау үшін, бүгін Камила да дүкен аралауға шықты. Түрлі көйлекке көз жүгірткен ару, өзіне қажетін бірден тапты. Көйлек құны - 90 мың тенге.

Камила Гельманова, мектеп бітіруші:
Маған осы түс ұнады. Өйткені, әрдайым сәнде. Сондықтан, мен оны сатып аламын.

Меруерт Қонарбаева, сатушы:
Негізгі сұраныстағы көйлектер, ол 50-мың мен 100 мыңның арасы. 100 мың мен 200 мыңның арасында да бар. Ол бағадағы көйлектерді алатын кісілер де бар.


Иә, түлекке тест тапсыру қаншалықты қиын болса, ата-анаға баланы мектеп бітіру кешіне дайындау соншалықты қиын. Есесіне, сән салондары мен мейрамханалардың жұмысы бұл күндері қыза түседі.

Мәселен, Камила бір ғана мерекелік дастарханына 20 мың теңге берсе, ал қымбат маркалы көліктерді жалға беретін кәсіпкер Игорь тапсырыстың көптігінен лимузиндарын жеткізе алмай әлек.

Игорь, кәсіпкер:
Түлектер көбіне үлкен лимузиндарды жалдайды. Ал ондай көліктер бізде аз. Әрі, бәрі бір уақытта сұрайды. Кешкі 17:00-тен 19:00-ге дейін. Сондықтан, жеткізе алмай жатырмыз. Ал құнына келетін болсақ, бізде сағаты 20 мың теңге.


Лимузинді міну, мінбеу оқушының өз еркі болса, бет әрлеу мен шаш үлгісін жасау бұрымдылар үшін міндет. Мұндай қызметтің түрі қазір қаланың орта деңгейлі салондарында 10 мың теңге жоғары.

Асия Бердібаева, сұлулық салонының шебері:

Бізде арнайы мектеп бітіруші түлектерге пакет бар. 15 және 20 мың теңгелік. Егер сіз жай ғана шаш үлгісін жасатып, бетіңізді әрлететін болсаңыз онда 15 мың теңгелік пакетті ұсына аламыз. Ал егер қосымша қызметтер қажет болса, 20 мың теңгелік пакетті қолдануыңызға болады.

Сонымен, бір ғана оқушының мектеп кешіне орта есеппен 150 мың теңге қаражат жұмсалады екен. Ал біздің елде биыл 85 мыңнан оқушы мектеп тәмамдап отыр. Барлығының шығынын қосқанда 12 миллиард 750 миллион теңге.

Бұл қаржы бір ғана шағын қаланың жылдық бюджетінен артық болмаса, кем түспейді. Немесе дәл осы қаражатқа, 1000 адамдық 3 білім ордасын салуға болады. Алайда, кей ата-ана қалтадан қанша қаққанымен, мектеп бітіру кешіне шығындалуды ысырап санамайды.

Қала тұрғыны:
Әрине, шығындалу қажет. Өйткені, бұл маңызды шара баланың өмірінде бірақ рет болады.

Қала тұрғыны:
Ол өмірде бір-ақ рет болатын нәрсе ғой. Сондықтан, дұрыс деп ойлаймын.


Қала тұрғыны:
Бір есте қалатын жағдайларды жасау қажет. Мұғалімге де, оқушыларға да, ата-анаға да.


Ал, бұл Назарбаев зияткерлік мектебінің бір топ түлегі. 10 жыл бойы бір партада отырып, білімге қаныққан сыныптастары Темірланға сәлемдеме жолдап жатыр. Өйткені, ол қазір араларында жоқ. Тым алыста.

Бозбала осыдан жарты жыл бұрын обыр дертіне шалдығып, Оңтүстік Кореяға емделуге кетті. Мұны естіген парталастары ойланбастан, мектеппен қоштасу кешіне жинаған ақшаларын науқас баланың есепшотына аударыпты.

Жәния Әбдімаш, мектеп бітіруші:
Оның сырқаттанып қалғанын естігенде біз бәріміз оған қолдан келгенше көмектесуге тырыстық. Көптеген флеш моб, турнир, жәрмеңке өткіздік.

Әсем мейрамхана. Сұлу шаш үлгісі. Сәнді киім. Мерекелік дастархан мен мерекелік көңіл-күй. Биыл Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері мұның бәрінен бас тартты. Оқушылар әлі мұндай шаралардың талайын көреміз, тек Темірлан арамызға аман-есен оралса екен дейді.

Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу