Астанада шетел инвесторларының кезекті кеңесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада шетел инвесторларының кезекті кеңесі өтті

29.05.2016
Астанада шетел инвесторларының кезекті кеңесі өтті
Кеңеске жиналғандар Елорданы халықаралық қаржы орталығына айналдыру мәселесін талқылады.

Экономикалық форумға келгендер Елорданы халықаралық қаржы орталығына айналдыру мәселесін де талқылады. Ал, қаржы орталығы таяу 10 жылда Қазақстан экономикасына 40 миллиард доллар инвестиция тартуы тиіс.

Президент жанындағы шетел инвесторларының кезекті кеңесінде айтылған бұл болжамға қызыға қарағандар көп болды. Сосын жер-жаһаннан жиналған қалталылар Астана халықаралық қаржы орталығын құруға қатысты өз тәжірибелерімен бөлісті, ұсыныс айтты, пікір алмасты.

Инвестициялық ахуалы қолайлы Қазақ жеріне капитал құюға ыңғайларын да танытты. Қуатты құрылым әлемге әйгілі EXPO-2017 халықаралық көрмесінің базасында жұмыс істейді. Демек, көрме өтетін алып алаң кешікпей Еуразияның ірі қаржылық орталығына айналады.

Арқа төсінде 29-шы рет өткен кеңеске 200-ден астам делегат қатысты. Арасында ірі корпорация жетекшілері, беделді халықаралық банк басшылары, алып инвесторлар мен отандық іскер топ өкілдері бар.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:
Астана – болашақта Орталық Азияның ірі қаржы орталығына айналады. Тура 19 айдан соң мына зәулім ғимараттың құрылысы аяқталады. Заманауи инфроқұрылым және озық технологиямен салынып жатқан нысанда келер жылы EXPO-2017 көрмесі өтеді. Ал, 2018 жылы халықаралық қаржы құрылымға алғашқы инвестиция мен капитал және инновациялар келе бастайды.

Қазір, Қазақ елі қолға алған мегажоба бүкіл әлем назарында. Бас қалада бас қосқан ірі инвесторлардың әңгіме өзегі де осы. Астана халықаралық қаржы орталығын құру.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жоба өте күрделі әрі өте маңызды. Болашаққа көз жібере отырып, біз АХҚО-ны инвесторлық капитал тарту және қаржылық тәсілдер саласындағы инновациялар орталығы ретінде көргіміз келеді.

Ол Еуразияның «қаржы қақпасына» айналуы керек. Біздің елордамыз Астана іскерлік, мәдени және ғылыми орталық ретінде дамып, жаңа әуежайды қоса алғанда, заманауи халықаралық көлік-логистика жүйесіне ие болады.


Шетел капиталынсыз экономикаға серпін беру мүмкін емес. Ал, қалталылар тек, қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан елге келеді. Аузы дуалы сарапшылар мен біздің елде ісін дөңгелетіп отырған шетелдіктердің пікірінше, Қазақстанға инвестиция құюға именбей-ақ қоюға болады.

Сума Чакрабарти, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті:
Былтыр біз Қазақстанның тек ауыл шаруашылығына 120 миллион еуро инвестицияладық. Ал, жалпы былтыр банктен берілген қаржы 700 миллион еуро. Қазақстан қазіргі кезде ЕҚДБ-мен ынтымақтастық орнатып отырған 36 елдің ішіндегі төртінші ірі нарық.


Қазақстан Еуропалық қайта құру және даму банкімен 20 жылдан бері әріптес. Сол уақыттан бері елге 6,5 миллиард еуро тартылды. Болашақта да сырттан келетін капитал көлемі көбеймесе, азаймайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Дүниежүзілік Банк, Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі, Азия Даму Банкі, Ислам Даму Банкі сияқты қаржы ұйымдарымен ынтымақ бағдарламалары аясында таяу 5 жылда кәсіпкерлікті, қаржы секторын, инфрақұрылымды, электр энергетикасын дамыту, сондай-ақ, институционалдық реформалар жүргізу үшін елге 9 миллиард долларға жуық инвестиция келеді. Сонымен бірге, индустрияландыру бағдарламасына қолдау көрсету үшін 10 миллиард долларға жуық шетелдік инвестиция тартылады.

Биылдан бастап инвесторларға «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет түрі көрсетіліп келеді. Оған 4 айда 500 адам жүгінген. Сондай-ақ, «Инвестициялық омбудсмен» институты, инвесторлар тарту жөніндегі үкіметтік және өңірлік кеңестер құрылды. Әрі ерекше визалық жеңілдік те бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Егер 2015 жылы визасыз режимдегі елдер саны 35 болса, 2017 жылдан соң 54-ке жетеді. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажет шикізат пен материалдарды импорттау кезінде қосылған құн салығынан босататын салықтық жеңілдіктер енгізіледі.

Жоғарғы сот жанынан дауларды қарастыру үшін ірі инвесторлардың қатысуымен мамандандырылған алқа құрылып жатыр. Оның аясында туындаған құқықтық дауларды сапалы әрі әділетті түрде шешу барысында шетелдік инвесторлардың құқығы осы алқа аясында жүзеге асырылады.


Орталықта ағылшындық қағидатпен айрықша құқықтық жүйе орнатылады. Өзінің соты болады. Яғни, дау туындап жатса, тәуелсіз соттар төрелік айтады және инвестор салық төлеуден босатылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін азайтып, жеке сектордың аясын кеңейту мақсатында ауқымды жекешелендіру науқанын бастадық. Тізімге тау-кен және металлургия, мұнай өндіру, энергетика, көлік және байланыс салаларындағы кәсіпорындардың мемлекеттік жиынтық акциялары, инфрақұрылымдық нысандар енді. Жекеге берілетін акциялар қор нарығында ашық бәссаудаға түседі. Бұл – инвесторлар үшін өзара тиімді ынтымақты тереңдетудің керемет мүмкіндігі.

Орталықтың жұмысы ағылшын тілінде жүргізіледі. Ғаламның ең білікті кадрлары тартылады. Шетелдік мамандармен қатар «Болашақ» түлектері де жұмыс істейтін болады.

2 мың жаңа жұмыс орны ашылатын алып алаңның бағыты – «жасыл» экономиканы дамыту. Осы ретте «қалтасы қалыңдарға посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ теңдессіз жағдай жасалып отыр,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жоғары технологиялық инфрақұрылым EXPO-2017 көрмесінің негізгі тақырыбы «жасыл» экономиканы дамыту. «Жасыл» облигациялар шығару, «жасыл» сақтандыру институтын енгізу, «жасыл» банк ашу – АХҚО аясында пайдаланылуы ықтимал мүмкіндіктердің бірнешеуі ғана. Менің ойымша, бұл бағытты Орталықтың аясында дамытудың болашағы зор.

Қуатты қаржы орталығын құрудағы мақсат айқын. Ел экономикасын әртараптандыру, өсімді еселеу. Сондай-ақ, отандық қаржы секторын дамытып, елдің ІЖӨ ұлғайтуға күре тамыр болатын бәсекеге қабілетті құрылымға айналдыру.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ел экономикасы үшін Орталық құрудан және оның өңірлік экспанциясынан түсетін пайда таяудағы 10 жылда 40 миллиард долларға жетуі мүмкін. Сондай-ақ, Орталықтың базасында жер қойнауын пайдаланушылар үшін Торонто биржасы үлгісіндегі алаң қалыптастыру көзделіп отыр. Онда әрбір компанияның өз жобасын дамыту үшін капитал тартуына болады. Осы залда отырған кәсіпорындар басшылары бұл идеяны қолдайды.

Қолдады. Ұсыныс айтты, тілек білдірді. EXPO көрмесінен соң, Қаржы орталығын одан әрі жаңа идеялармен, алдыңғы қатарлы инновациялармен толықтыруға әзір екендерін айтты.

Джейкоб Франкель, «Jpmorgan Chase International» компаниясының директоры:

Мен ХҚО толағай табысқа кенелтетін негізгі бес факторды атар едім. Ол іскер орта, нарықтық және технологиялық инфроқұрылым, нарықтың ашықтығы, адами ресурс және бәсекеге қабілеттілік. Біз Сіздің бастамаңызды қолдап, орталықты жандандыруға белсенді атсалысамыз.

Джим Коулз, «Citic group» компаниясының атқарушы директоры:

Мен үш жолды атаймын. Адам, инфроқұрылым және капитал. Осы позицияны ұстансаңыздар Қазақстан капитал тартудың әлеуетін арттырар еді. Халықаралалық аренада беделдеріңіз одан әрі артып, экономикаларыңыз 2050 жылға қарай әлемдік экономиканың отыздығына енер еді. Тілектеспін және көмектесуге әзірмін.

Шетелдік ірі инвесторлардың келелі кеңестерінің ескерусіз қалмайтынын атап өткен Президент оларды Астана қаржы орталығын насихаттауға да шақырды. Әлемнің 30 дамыған елінің қатарына кіруге тағы бір нық қадам жасаған Қазақстанның бұл жобасы да жоғары бағаланды.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:
Шетелдік инвесторлардың келесі Кеңесі EXPO-2017 көрмесінің базасында өтеді. Сондықтан, отызыншы отырыс Қазақ басшысының ұсынысымен «Жаңа Энергетика» тақырыбына арналмақ. Ал 2018 жылдың қыркүйегінде Астана халықаралық қаржы орталығы болса, шетелдік компаниялардың алғашқы легін қабылдай бастайды.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу