Дәрігердің рұқсатынсыз антибиотик сатылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәрігердің рұқсатынсыз антибиотик сатылмайды

29.05.2016
Дәрігердің рұқсатынсыз антибиотик сатылмайды
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл заңды қадағалау күшейді.

Дәрігердің рұқсатынсыз антибиотик сатылмайды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл заңды қадағалау күшейді. Оған себеп, еліміздегі әрбір үшінші науқас өз бетімен емделгенді жөн санайды.

Іш ауырса да, тіс ауырса да интернеттен оқып, болмаса танысынан естіп алып, ағзаға ауыр дәріні алып іше қоюға дағдыланып алған жұрт. Ал мұның зардабы өте қиын, дейді дәрігерлер.

Өйткені, жеңіл-желпі инфекциялық ауруды 2 немесе 3-ші санаттағы антибиотикпен емдеуге қатаң тыйым салынған. Антибиотик - адам ағзасындағы иммунитетті жойып, аурумен күресуге бейілсіз етеді.

Зәуреш Мушанова, ҚР ДСӘДМ Басқарма төрағасы:
Антибиотиктерді өз бетімен жиі пайдалану – ағзаның микробтарға қарсы препараттарға төзімділігін арттырып, антибактериалды дәрілік заттардың инфекциялық ауруларға қарсы тиімсіз болуына әкеліп соғады. Тұмау тие қалса, антибиотик қолданатын адамдар бар. Бірақ, ертең одан зор ауруға шалдықса, ешқандай дәрі ауруына көмектесе алмайды. Өйткені, әрекеті күшті дәріге үйреніп алған организм басқасына ырық бермейді. Сондықтан да, дәрігер ғана аурудың белгілеріне қарап, қажет дәріні жазып бере алады.


Өз-өзіне ғана емес, естіген, білген дәрісін баласына да беретін аналар көп дейді дәрігер. Мына тізімді бір қарап шығыңыз және дәрігердің рұқсатынсыз пайдаланбаңыз: Зинацев, Зинат, Сумомед, Мегосев, Ровомецин, сондай-ақ құрамында Пеницилин, Амоксиклаф, Ампициллин кіретін препараттарға бекерден-бекер әуес болмағаныңыз жөн.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу