Еліміздегі шаруалар жерді жеке меншікке беруді қолдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі шаруалар жерді жеке меншікке беруді қолдайды

15.05.2016
Еліміздегі шаруалар жерді жеке меншікке беруді қолдайды
Аманғали өз шаруасын азаттықтың алғашқы жылдары ашқан. Сол жылдары сауда қуған жұрт қалаға ағылса, ол далаға ден қойды. Мемлекеттен жалға жер алып, егін еге бастайды. Табан ет, маңдай терінің арқасында қазір талайға үлгі. 22 жылда шаруаның егіс алқабы 40 есе артып, қазір 8870 гектар жерді игеріп отыр. Енді ол осы аумақты жеке меншікке алуды көздейді.

Аманғали Бөкенбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
Жерден пайда алуымыз керек. Біздің кең байтақ Қазақстанымыздың жерін дұрыстап пайдалануымыз қажет. Жерден өнім алуға тиіспіз. Малымызды өсірейік, етін тапсырайық, егіс ектік па, тұқымымыз аламыз, астық болады.

Ал, мынау ақ маржанның ауылы. Ұзақ жылдар бойы игерілмей бос жатқан жерді «Тұлпар» шаруа қожалығы биыл ғана жалға алды. 362 гектар аумаққа күріш өсіруге бел буған. Ол да жердің өз иесі болса игі дейді.

Досбол Раушанбекұлы, шаруашылық иесі:
Бізге жерді сатып алып, өзіміз жеке болып жасаған тиімді. Өйткені өзіміздің жеке болғаннан кейін, оған деген көзқарас басқа болады. Қазір ондай мақсат қоя алмаймыз, өйткені жер біздікі емес. Ол әзірге арендада. Жеке болғаннан кейін өзіңнің шаруасын мақсатқа қойып орындайды.

Егіс алқабында 50-ге жуық тұрғын жұмыс істейді. Диқан қауымы көктемнің бір күні жылға азық екенін жақсы біледі. Әрі жер неғұрлым көп игерілсе елдің ырзық-несібесі де соғұрлым мол болатынын айтады.

Қуаныш Әбдібеков, жұмысшы:
Жерді пайдалану керек. Бос жер болмауы тиіс. Алқаптарды игеріп, жұмыс жасап жатқан күйіміз бар. Қаншама халыққа жұмыс болып жатыр. Бұдан енді егінді егіп. оның ертең өнімін алсақ, маңдай тер еңбегіміз ақталады деген үміттеміз негізі.

Дулат Таубай, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Жалпы Қызылорда қаласы бойынша 10533 гектар осы егістік жерлер бар. Егер мына жермен жұмыс жасаймын деген азаматтар болса, Қызылорда қаласында жер жеткілікті. 3 мыңдай жер мемлекет қорында тұр. Жермен айналысам, егін егем жұмыс жасайм деген азаматтарға қазіргі таңда жер көлемі бар.

Жер ерінбей еңбек еткенге, күтіп-баптағанға ғана жемісін береді. Осы қағиданы әрбір жер иесі жете түсінуі тиіс. Надежда Шортандыдағы шаруашылықтың бас агрономы. 27 мың гектар жерге жауапты. Әсіресе топырақтың сапасы мен құнарын қадалалауға міндетті.

Надежда Носачова, шаруашылықтың бас агрономы:
Жыл сайын тыңайту жұмыстарын жүйелі жүргіземіз. Қазіргі таңда өздеріңіз жердің бапталғанын байқап тұрған боларсыздар. Біз тыңайтқыштардан бөлек, көпжылдық өсімдіктерді де егеміз. Жердің сапасын арттыру үшін.

Өкінішке қарай, елдегі шаруашылықтардың барлығы бірдей мұндай емес. Жердің құнарын құртып, қарекетсіз отырғандар бар. Мәселен, Қазақ жерінің құнары 50-60 жылдармен салыстырғанда 40 пайызға дейін нашарлап кеткен. Әсіресе, Оңтүстік аймақтардағы жердің ахуалы нашар.

Ерболат Базылжанов, ғылыми-өндірістік орталықтың директоры:
Солтүстік аймақтарда жер құнарлылығы орташа. Ал, оңтістікте нашар. 98 пайызға төмен. Егер осылай жалғаса берсе ол жерлер өнім бермейді. Тіпті, арамшөп те шықпайды.

Әлем тұрғындарының 95 пайызы топырақтан шыққан өнімді пайдаланады. Сондықтан оны игеріп қана қоймай, жаңа технологиялармен құнарландырып, бағып, баптап отырған дұрыс.

Абдолла Сапаров, Топырақтану және агрохимия институтының директоры:
Топырақтың құнарлылығын көбейту үшін, топырақтың қазіргі жағдайын жақсарту үшін негізінде біз тиісті шаралар қолдануымыз керек. Ол үшін ауыспалы егістік ендіруіміз керек, топырақтың өңдеу жүйесін, ауылшаруашылығы машиналарының жүйесін тыңайтқыш жүйесін реттеп беретін болсақ сол кезде ғана топырақтың құнарлылығы сақталып қалу керек.

Еліміздегі жердің 188 миллион гектары жайылымға жайлы болса, соның 48 миллион гектары бос жатыр. Ол жылдан жылға сортаң тартып барады. Сол себепті жылына әр гектарға 10 тонна минералды немесе органикалық тыңайтқыш себу керек.

Абдолла Сапаров, Топырақтану және агрохимия институтының директоры:
Жаңағы инновациялық технологияларды тартып, мысалға завод салдырып, тыңайтқыш нетіп, жалға беруге болады. Олар сол жаңағы иновациялық технологиялар арқылы өнімнің өнімін арттыратын болса, шыққан өнім өзімізге де пайда.

Жалпы, топырақ сұр, қоңыр және қара болып үш түрге бөлінеді. Қазір еліміздегі жердің 90 миллион гектары қоңыр топырақ, 25 миллионы қара топырақ ал сұр топырақ 120 миллион гектарға жеткен. Сұр топырақ шөлейтке айналып кетуі мүмкін. Сондықтан оның сор болып кетпеуі үшін жерді жете игеру бүгінгі күннің басты мәселесі болуы тиіс.

Хабарламаларға жазылу