Нұрсұлтан Назарбаев РФ Сенатының төрайымы Валентина Матвиенконы қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев РФ Сенатының төрайымы Валентина Матвиенконы қабылдады

15.05.2016
Нұрсұлтан Назарбаев РФ Сенатының төрайымы Валентина Матвиенконы қабылдады
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенконы қабылдады. Кездесуде Қазақ-Ресей қарым-қатынасы екі елдің өзара ықпалдастығы, соның ішінде парламентаралық ынтымақты нығайту мәселелері талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстың көпжақты сипатта екенін атап өтті.

Қазақстан мен Ресей өзге мемлекеттермен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Қазақ Президенті Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен күзде Еуразиялық экономикалық Одақ пен Еуропалық одақтың бірлескен форумын өткізу туралы уәде барын айтты. Ресей Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесінің төрайымы қабылдауға алғысын білдіріп, екі елдің арасындағы стратегиялық және достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсауға әзір екенін білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бізді Ресеймен көпжақты қатынастар байланыстырады. Қазақстан Ресеймен ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартты ратификациялады. Ол жерде барлығы анық жазылған. Шарт негізінде біз Ресеймен тығыз байланысып, достық негіздегі саясат жүргізіп келеміз. Нәтижесінде Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Әрине, қазір бізді сынаушылар көп. Алайда, санкциялар мен экономикалық дағдарыс біздің елдерге ғана емес күллі әлемге әсер етті. Осыған қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы байланысымыз тұрақты дамуда.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Валентина Матвиенкоға Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент Қорының жетекшілерін де қабылдады. Кездесуде қор жұмысын жандандыру жайы талқыланды. Президент ұйымның әр жылға арналған және болашаққа түзілген нақты жоспары болуын тапсырды. Ел дамуына үлес қосып жүрген жастарды қолдап, қаржылай демеу көрсету мақсатында құрылған қор өз міндетін сапалы орындауға мүдделі. Ал, Президент қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институты, отандық және шетелдік сарапшылармен байланысты күшейтіп, тың идеялар мен ұтымды жоспарлар ұсынысуы керек.

Хабарламаларға жазылу