Семейліктердің коммуналдық төлем қарыздары 1 миллиард теңгеден асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейліктердің коммуналдық төлем қарыздары 1 миллиард теңгеден асты

15.05.2016
Семейліктердің коммуналдық төлем қарыздары 1 миллиард теңгеден асты
Жылуға берешегі 100 мың теңгеден асқан үйлердің құбырлары қазір шетінен кесіліп жатыр. Бұл жөнінде жұртқа ескерту жасалған. Бірақ елеп-ескермегендерге осыдан артық шара жоқ. Қазір қалада қарызы 300 мың теңгеден асып кеткен тұтынушылар да бар. Олар коммуналдық төлемді 3-4 жыл төлемеген деген сөз. Ондайлардың әдеті ескертуге құлақ аспайды, ақша жинай келгендерге есік ашпайды.

Жылу мауысымы аяқталғанымен, «Жылукоммунэнергоның» арқасынан әлі жүк түскен жоқ. Қыста жылуды қалыпты береміз-деп тыраштанса, жаз шыға сол еңбектерінің ақысын ала алмай, әр үйдің есігін сығалап естері шығады. Халық тұтынған коммуналдық қызмет үшін ақысын неге уақытында төлемейді. Бұл қала басшылығының басын қатыратын басты мәселеге айналғаны қашан. Әкімшілікте қарызға қатысты күнде жиын. Тіпті қала әкімі Ермак Сәлімовтың өзі борышкерлердің үйді-үйіне барып есігін қақпаса да, әрқайсына телефон шалып, қызмет ақысын төлеуді өзі өтініп жүр.

Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:
Кейбіреулері таң қалады. Әкім! Әкім ба? деп, қайталап сұрайды. Сіз өзіңіз хабарласып тұрсыз ба? Жағдай соншалықты аур ма? дейді. Кейбіреулері «Осы уақытқа дейін төлеген жоқпын, төлемеймін» деп айтады. Ондайларға мәдениетті түрде түсіндіремін.

Семейде жылуға заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелер 200 миллион теңгеден астам қарыз. Халықтың қарызы 700 миллион теңгеден асады. Жақында облыс әкімі жыл сайын қайталанатын бұл түйткілді түбегейлі шешуге тапсырма берді. Маусымның 1-не дейін бұхара борышын біржолата өтеуі тиіс. Ал қарызын төлемей арқаны кеңге салатындарға қатаң шара қолданылады.

Димитрий Гариков, ШҚО әкімінің орынбасары:
Жұмыс топтары учаскелік инспекторлармен барғанда есік ашпайтындар бар. Ондай адамдарға ескерткіміз келеді. Егер бірінші рет есік ашпаса хаттама толтырылады. Екінші рет тағы солай хаттама толтырылады. Үшіншісінде есікті бұзады. Есікті бұзып ашып кіріп, жылу құбырын қиып тастайды. Бұл жұмыс қатаң түрде жүргізілетін болады.

Айгүл Тілемісова, «Жылукоммунэнерго» мекемесінің менеджері:
Адамдардың 200 мың, 300 мың қарыздары бар. Жағдайы өте нашар деп айтуға келмейді. Мысалы қыс кезінде олар өте сапалы түрде жылу алған. Қыс бойы өздерінің рахметтерін айтады да, керек кезде төлемейді.

Жылда тұтынушыдан жылу ақысын жинай алмай тығырыққа тірелетін «Жылукоммунэнерго» мекемесіне үнемі мемлекет қолдау көрсетіп келген. Былтыр қыс түсе отын сатып алу үшін, республикалық бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Соның арқасында халыққа жылу беруде ешқандай кедергі болған жоқ. Бірақ сол қызмет үшін тұтынушылардан тиісті төлемді алу қиынға соғып тұр.

Димитрий Гариков, ШҚО әкімінің орынбасары:
Біздің халықта психология қалыптасқан. Жылу маусымы аяқталды, бір-екі айға қарыз жиылып қалса, оны қазан айына дейін төлемейді. Жылу маусымы басталған кезде ғана адамдар ол қарызды жаба бастайды. Енді олай болмайды. Егер адамдарда қарыз болып ол ай сайын төленбесе, келесі айға төленбеген қарыздың 10 пайыз үстеме қосылады. Яғни 10 мың қарызы болса, келесі айда 11 мың болады деген сөз. Сөйтіп өсе береді.

Жылуға қарызын төлей алмай жүргендердің арасында жұмыссыздар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар да бар. Ал мұғалімдердің қарызы 7 млн. теңге болса, дәрігерлердің де берешегі осыншаға жеткен. Неге деген сауалған тұрғындар былай дейді.

Жылу қарызын қайтару мақсатында жұмыс істеп жүрген арнайы топтар анықтағандай, қарызын қайтара алмай жүргендердің 25 проценті шынымен төлеу қабілеті жоқ азаматтар. Ондай адамдар үшін арнайы тұрғын үй жәрдемақысы қарастырылған. Бірақ кейбір тұрғындар мұндай мемлекеттік жеңілдіктің барынан бейхабар. Тапқан табысы күнкөрістен аспай, коммуналдық қызметті төлеуге қауқарсыз болып жатудың тағы бір себебі осы- дейді мамандар. Сондықтан жергілікті Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандырды.

Қазір Семейде 2 мыңға тарта адам тұрғын үй жәрдемін алады. Оған былтыр мемлекет қазынасынан 41-млн. теңге бөлінсе, биыл 44 млн. теңге қарастырылған. Жәрдемақының көлемі тарифтердің қымбаттауына байланысты 4 мың 734 теңгеден биыл 5208 теңгеге көбейді.

Азамат Құрманғалиев, қала әкімдігі бөлім басшысының міндетін атқарушы:
Егер коммуналдық шығыстар отбасының жалпы кірістерінен 7 пайыздан асатын жағдай болса, әлеуметтік тұрғын үй жәрдемақысы бар. Енді оны ең бірінші кезекте көпқабатты үйде тұратын, одан кейін жекеменшік үйде тұратын тұрғындар ала алады.

Тұрғын үй жәрдемін 1995 жылдан бері алып жүргендердің бірі Мария Қалбағаева. Зейнетақысы шамалы, 1 бөлмелі пәтерде тұрады. Сондықтан құжаттарын реттеп, мемлекеттен тиесілі көмекті тұрақты түрде алып келеді.

Мария Қалбағаева, қала тұрғыны:
Мен тұрғын үй субсидиясын 1995 жылдан бері аламын. Көпшілік бұл туралы білмейді, мен үнемі таныстарыма айтып жүремін. Қыста 6 ай жылуға 30 мың теңге төлеуім керек, зейнетақым 37 мың теңге. Жылуға, су, электр ақысына төлеген барлық түбіртекті жинап, маманға көрсетемін. Әр тоқсанына 10 мыңдай жәрдемақы аламын. Мемлекеттен қаражат бөлініп отыр ғой, қаншасы игерілмей қалады, ал тұрғындардың қарызы шаш етектен. Мен 37 мың зейнетақымды ұқсатып, бәріне жеткізіп отырмын. Ешқайда қарызым жоқ.

Халықтан қарызды қайтара алмай отырғандықтан жылу мекемесі «Шығысэнерготрейд» кәсіпорнына электр энергиясы үшін 615 млн. теңге берешек болған. Биыл бұл қарыз өтелмесе жарықтан шектеу болатындығы жайлы ескерту жасалыпты. Яғни қыс ішінде қалаға қалыпты түрде жылу берілмей қалуы мүмкін.

Димитрий Гариков, ШҚО әкімінің орынбасары:
«Жылукоммунэнерго» Еуропалық даму банкімен 8,4 милиард теңгеге келісім шарт жасаған. Ол келісім талыбы бойынша, қаржының алғашқы бөлігін алу үшін, тұрғындардың жылу үшін қарызы болмауы тиіс. 1 маусымнан бастап бұл қаражаттың алғашқы беріле бастауы тиіс. Жылу маусымына дайындалып, жылу жүйелерін жөндеу жұмыстарын бастау қажет. Егер бізде дебиторлық не кредиторлық қарыз болса бұл қаражат берілмейді.

Семейліктер жылуға қарыз болса, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін пайдалана алмайды. Көлікті сату, рәсімдеуге де шектеулер қойылады. Берешегі бар бюджеттік мекеме қызметкерлерінің тізімі жақында жергілікті басылымдарда жарияланбақшы. Осылайша жылуға қарызды қайтару үшін күрестің түрлі айла шаралары қолданылып жатыр. Егер бұдан түк шықпаса, шығыстағы ең үлкен шаһар келер жылы ақ қар, көк мұзда қатып қалуы әбден мүмкін.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу