Биыл Олимпиада ойындарын қабылдайтын Бразилияда ел президенті Дилма Русеф қызметінен шеттетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Олимпиада ойындарын қабылдайтын Бразилияда ел президенті Дилма Русеф қызметінен шеттетілді

15.05.2016
Биыл Олимпиада ойындарын қабылдайтын Бразилияда ел президенті Дилма Русеф қызметінен шеттетілді
Осы аптаның басты халықаралық саяси жаңалығы Бразилиядан жетті. Биыл Жазғы Олимпиада ойындарын қабылдайтын мемлекетте президент үлкен жанжалмен қызметінен жарты жылға аластатылды. Оған қарсы импичмент процесін бастауды қолдаған сенаторлардың сөзіне сенсек, Дилма Русеф ел экономикасының жағдайын жақсы етіп көрсету үшін бюджет тапшылығының шынайы көлемін жұрттан жасырған, коррупцияға барған.

Солшыл басшының өзі болса, кінәсіз екендігін дәлелдеу үшін күреске дайын екендігін мәлімдеді. Дегенмен, әділет органдары қылмысын анықтайтын болса, Русефтің алты айдан соң орнына оралуы екіталай.

Бразилия әлемнің 9-шы экономикасы. Бірақ, соңғы кездері бұл оңтүстікамерикалық мемлекетте жұмыссыздық белең алып, инвестиция қашып, жалпы ішкі өнім жыл соңына дейін 3 пайызға азаяды деген болжам бар. Сондықтан, уақытша президент Мишель Темер халықты ел тарихындағы ең ауыр дағдарыс алдында бас біріктіруге шақырды.

Осы күйде Бразилия Олимпиаданы қалай ұйымдастырады деген сауалдың туындауы заңды. Бірақ, елдің Олимпиада комитеті басшысының сөзіне қарағанда, Рио-де-Жанейро жазғы ойындарды жарқын әрі әсерлі етіп өткізуге кепілдік береді.

Карлос Нузман, Бразилия Олимпиада комитетінің президенті:
Олимпиада биыл Бразилияға, Рио-де-Жанейроға және қарапайым отандастарыма тиесілі. Сенімдімін, біз жазғы ойындарды әсерлі де жарқын етіп өткіземіз. Ол үшін бар күшімізді жұмсауға дайынбыз.

Хабарламаларға жазылу