Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің кейбір баптарына мораторий жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің кейбір баптарына мораторий жариялады

08.05.2016
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің кейбір баптарына мораторий жариялады
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сондықтан мен шешім қабылдадым. Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған 4 тармағына мораторий жариялаймын. Ендігі жылға дейін. Бізге халыққа ұнамайтын заңның бізге қажеті жоқ. Оны алып тастағаннан дихандар ғана кері әсер көреді.

Заң нормалары қазақстандықтарға дұрыс түсіндірілмеді. Ендігәрі, осындай олқылықты болдырмас үшін Мемлекет басшысы арнайы комииссия құруды тапсырды. Комиссияның міндеті мәселені елмен бірге кеңесіп, келісіп ортақ шешім шығару.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірінші, Үкімет жанынан Б.Сағынтаев жетекшілік ететін комиссия құрылды. Ол комиссия мына шаруаны талқылап, нақты түсіндіріп, Жер кодексіне қатысты дауды пысықтап Парламантке нақты ұсыныс беруі керек. Түсінбей жүргендерді шақырау керек. Комиссия заңды халыққа түсіндірумен шұғылданбақ. Барлық партиялар, БАҚ тартылуы керек. Жасыратын ештеме жоқ. Ел үшін жасап отырған экономика ғой. Сондықтан, осы жұмысты жасайтын болайық.

Түсіндіру жұмысына Парламенттің қос палатасы мен Үкімет белсеніп араласпақ. Бұдан соң Президент өз міндетін дұрыс атқара алмаған тұлғаларды орнынан тұрғызды. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев өзін жұмыстан босатуын сұрады. Президент министрдің өтінішін бірден қабылдады. Ал, осы іске тікелей жауапты Е.Досаевтың орынбасары Қайырбек Өскенбаев Президент шешімімен қызметтен кетсе, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке қатаң сөгіс жарияланды. Оларға тағылған ортақ мін - өз жұмыстарына жауапсыз қарап, халықпен конструктивті диалог жүргізбеген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бағдарламалар мен заңдарды халық үшін қабылдап отырмыз. Сондықтан, әс әрекетіміз әр азаматқа түсінікті болуы қажет.

Жердің бабын тапсаң, берер ырысы көп оның. Алайда, оған ел қазынасынан миллиардтап субсидия бөлінсе де, экономикаға еш пайдасын тигізе алмай келеді. Отандық шаруалар қанша еңбектенсе де әр гектардан 400 доллардан артық өнім алып көрген жоқ.

Ал, Батыс Еуропада бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Мәселен, Германияда шаруалар бір гектар жерден 2800 доллардың өнімін, Франция 3200, ал АҚШ 1500 доллардың өнімін алады екен.

Қазір ел экономикасы үшін өтпелі кезең. Әлемдік дағдарыс әлі дендеп тұр. Біздің негізгі сауда серіктестерімізді жайлаған қиындықтар кесірінен бюджет кірісі күрт кеміді. Салдарынан қазақстандықтардың табысы азайып, күн көріс төмендеп кетті. Біз бұны жақсы біліп отырмыз, деді Президент.
Өткінші өмірде тіршіліктің қырық құбылатыны заңдылық. Яғни, мұндай проблема кез-келген елде бар. Бірақ, проблемалар көшеге шығып, кеуде керумен шешілмейді. Ал, қиын қыстау кезеңді өз пайдасына жаратқысы келетін, жат пиғылды жандармен күрес сұрапыл болмақ.

Ақпараттық шебі берік елді дау да, жау да ала алмайды. Кезінде, Инвестициялар және даму министрінің қарамағына берілген Ақпарат комитеті енді жеке дара министрлік болып қайта құрылды. Жаңа министрлік ақпарат және коммуникация министрлігі деп аталды. Тиісті пәрменді Президент берді.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде 4 халықтық тапсырма бар.

Бірінші, денсаулық сақтау саласы бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық сақтандыру жұмыстарын түсіндірудің жол картасын әзірлеуі керек.

Екінші, білім беру саласы бойынша үкімет орта мектептерде оқу жылын ұзарту, үш тұғырлы білім беру мерзімі бойынша дәстүрлі тамыз конференциясында қоғам пікірін мұқият зерттеу.

Үшінші, қоғаммен байланыс. Үкімет жанынан тұрғындарға жаңа нормаларды түсіндіру бойынша байланыс орталығын құрып «шұғыл желіні» іске қосу.
Төртінші, жер қатынастары бойынша негізгі салалық құрылымдарды ауыл шаруашылығы министрлігіне беру.

Осы мәселелердің халыққа дұрыс жетпей жатқанын Елбасы қатаң сынады. Сосын жаңашылдықтың игі тұстарын сараптап, салмақтап жұртшылыққа түсіндіру жалпыға ортақ іс екенін ескертті.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу