Нұрсұлтан Назарбаев: Біз бірліктің арқасында біртұтас ел болдық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев: Біз бірліктің арқасында біртұтас ел болдық

01.05.2016
Нұрсұлтан Назарбаев: Біз бірліктің арқасында біртұтас ел болдық

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бірлік күнін Алматы жұртымен бірге өткерді, бүкіл елді мерекемен құттықтады.


1-ші мамыр біздің елде Бірлік күні. Бүгінгі хабарды шағындау мысалмен өрнектегенді жөн санадық. Негізі көпке белгілі кеп. Бірақ, еске салғанның айыбы жоқ.

Бір ақсақал дүниеден өтерінде бар баласын жиып алып, орманға жұмсапты. Бір-бір шыбық кесіп ала келуді тапсырған. Балалары бұйрықты бұлжытпай орындайды, ал ақсақал әкелген шыбықтарды сындыруды меңзейді.

Әр бала әр шыбықты бір-бірден бытырлата сындырады. Содан соң тағы жұмсап енді он-оннан шыбық кесіп ала келуді жүктейді әке. Бұйрық тағы қайталанады, ұрпағы өздері әкелген он шыбықты уысына сыйдырғанымен олай толғап, бұлай толғап сындыра алмаған деседі. Ақсақал меңзеген мысал – жалғыз-жалғыз батырды жау мұқатар, бірлігі мықты көпті ешкім қирата алмас. Хош.

Сонымен, бүгін - Бірлік күні. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл күнді Алматы жұртымен бірге өткерді, бүкіл елді мерекемен құттықтады. Ырыстың алды ынтымақ екенін, бірліктің түбі береке екенін, бірлік бар жерде тірлік бар екенін біздің қазақ аз айтпаған.

«Біз бірліктің арқасында біртұтас ел болдық. Қазір еңсеміз тік, көшіміз түзу». Алматыдағы «Астана» алаңында барша отандастарымызды Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтап тұрып, Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Бақ қонып, қыдыр дарыған», деген сөз бар. Бұл сөзді бірлігі бар елге айтқан халқымыз. Бірліктің арқасында біздің халқымыз сыртқы, ішкі жаулардан ұлан-ғайыр жерін сақтап қалған.

Қанды соғыста бабаларымыз жанын аямай, қасық қаны қалғанша қорғаштады. Хандық құрды. Жерді сақтап қалды. Біз Тәуелсіздікке жеттік. Мінекей, Алматыдан басталды сол Тәуелсіздіктің 25 жылдығы.

25 жылдың 8 жылында ел болып қаламыз ба, қалмаймыз ба? Бодандыққа қайта кіреміз бе деп өткіздік. Біздің буын. Қалған 17 жылында елдің экономикасын 20 есеге көбейттік. Жетістікке жеттік. Қазір далаға қарасаң, басқа ұрпақ, басқа адамдар. Аллаға тәубә дейміз.

Ұлы дала мұраты – біртұтас ұлт болу. Ширек ғасырда Қазақ елі тыныштық арқылы тұрақтылыққа, татулық арқылы тұтастыққа қол жеткізді. Жүздеген ұлыс өкілдерінің бір шаңырақтың астына бірігуі, бірліктің бірегей үлгісі. Ал, қазіргідей аласапыран заманда Қазақстан үшін ауызбірлік ауадай қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің ішіміздегі тыныштық бірліктің арқасы. Мұны мен естен шықпаса екен деп ылғи айтамын. Әсіресе қазір, Абай «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген.

Туымыз БҰҰ қабырғасында желбіреді. Қазақстанда бүкіл дүние жиналып өзінің мәжілісін өткізетін болды. Бізге сенетін болды. Біз ағайын аралық келіссөз жүргізетін болдық.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Тыныштығы жоқ елдің не болатынын білесіздер. Қан төгіліп, быт-шыты шығып, алдындағысынан айырылып, кері кетіп жатыр. Тәуелсіздік жасасын, Мәңгілік Қазақстан мәңгілік болсын!


Мамыр тойының тарихи миссиясы бүгінгі мамыражай тірліктің төбеден түспегенін жас ұрпақ жадына сіңіру,- деді ел Президенті.

Ғабит Бөкенбай, тілші:
Өзін «Біз, Қазақстан халқы» деп атайтын қауым үшін бұл қастерлі той. Бұл той - татулық тойы. Тағдыр тауқыметін тартқан түрлі ұлыс өкілдерінің қай-қайсысын Қазақ елі кезінде жатырқамай, жатсынбай бауырына басты. Бір тілім нанды бөліп жеп, тату-тәтті тірлікті ту етті. Ал, бүгінгі той ешкімді алаламайтын қазақтың асыл қасиетін паш ететін айтулы мереке.

«Бірлік тойы» бұдан кейінгі этно-ауылда жалғасты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ауылды асықпай аралап, елмен емен-жарқын тілдесті.

Құшағы төрдей, көңілі көлдей – Қазақ халқының қамқорлығын өзге этнос өкілдері әсте ұмытпақ емес. Арасында қазақ болмаса, қайтер едік дейтіндері де көп.

Нұрмұхан Боранбаев, түркімен этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:

Ауыр заман кезінде Қазақстан түрлі ұлттарды, түріктерді бәрін жанын сақтап қалған асыл жұрт. Құдайға шүкір, қазір міне, сол ұлттардың бәрі қуанышқа ортақ болып отырмыз.

Айваз Маметхасанов, әзірбайжан этномәдени орталығының мүшесі:
Барша қазақстандықтарды Бірлік күнімен құттықтаймын. Мықты денсаулық, бақыт тілеймін.


Түрлі этнос өкілдері осы күні достықтың әнін әуелетіп, бірліктің биін билейді. «Татулық – Тәуелсіздіктің тірегі. Ал, оны баянды ету сіз бен бізге сын»,-деді Президент.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу