XIII Еуразиялық Медиа Форумға қатысушылар халықаралық геосаяси ахуалға байланысты өзекті тақырыптарды талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

XIII Еуразиялық Медиа Форумға қатысушылар халықаралық геосаяси ахуалға байланысты өзекті тақырыптарды талқылады

24.04.2016
XIII Еуразиялық Медиа Форумға қатысушылар халықаралық геосаяси ахуалға байланысты өзекті тақырыптарды талқылады
Еуразиялық Медиа Форум қонақтарына Президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы құттықтау жолдады.

Әлем қазір үлкен өзгерістер алдында тұр. Таяу Шығыстағы тұрақсыздық, соңында астыртын алып күштер тұрған ДАЙШ сынды халықаралық қаныпезер ұйымдар, жаһандық экономикалық дағдарыс тұтас дүниені алаңдатып, жаңа ізденістерге мәжбүр етіп отыр.

Бес жыл бойы жалғасып келе жатқан Сириядағы қантөгіс шын мәнінде азаматтық соғыс емес, әлемдік текетірестің бір ғана қыры секілді. Отанын тастап, Еуропаға босқан жұрт кәрі құрлықтың да басына бәле болып жабысты. Кәрі құрлық демекші, ЕуроОдақтың да кетеуі кетіп, сетінеу елесі жиі қылаң беріп жүр.

Бір дүние анық — жаһандық саясат пен экономикадағы келеңсіздіктерді дер кезінде, бейбіт жолмен шешпесек, оның соңы жақсылыққа апармайды. Не баяғыдағыдай шығыс блок, батыс блок болып жік-жікке бөлінеміз, не бір-бірімізге қару кезеп, ядролық оқтұмсықтармен қыр көрсетіп бүлінеміз.

Өкініштісі сол, мыңдаған жылдық тарихы бар дипломатия, адамзаттың бүгінге дейін жеткен өркениеті империялық пиғылдар мен дүние елдерін жусатып, өргізгісі келетін менменшіл елдердің амбициясы аяқ асты болуда. Кейде тіпті үлкен соғыстың иісі сезілетін секілді.

Еуразиялық Медиа Форум қонақтарына Президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы құттықтау жолдады. Оны Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева оқып берді. Аласапыран әлемдегі ахуал сөз етілген құттықтауда «Жаңа әлемнің, бәріміздің ортақ болашағымыздың қандай болатыны біздің әрқайсымызға байланысты», делінген.

Гебремлак Тека, «EBC» арнасының тілшісі /Эфиопия/:

Мен журналист ретінде бұл форумға қатысқаныма қуаныштымын. Бұл жерде күллі әлемді алаңдатқан сан-алуан тақырып сөз болуда. Біз үшін салмақты сарапшылар мен журналистер айтқан пікір өте маңызды.

Дмитрий Мезенцев, федералдық кеңес мүшесі /Ресей/:
Медиа Форум аясында, аймақтық қана емес жаһандық ауқымды проблемалар көтерілді. Бәрі өзекті. Милиондар емес, миллиардтардың мүддесі тоғысып жатыр. Салмақты сарапшылар өзекті мәселелер бойынша ой бөлісті. Өткір диалог арқылы нақты ұсыныстар да айтылды.

Әлемдік экономикада Қытай мен АҚШ-тың тайталасы артты. Бір жарым ғасырға жуық ешкімге қара шалдырмаған Американы шығыстағы көршіміз басып озатын сыңайлы. Экономика алаңындағы үлкен өзгерістің бірі мұнай нарығындағы ойыншылардың артуы.

Америка тақтатасымен нарыққа кірсе, сан жылдық санкциядан босаған Иран қоймадағы қордаланған «қара алтынын» жылдамдатып сатуға асық. Соның кесірінен құлдыраған мұнай бағасы әлемдік экономиканы да теңселтіп тұр.

Тодд Баер, «Блумберг медиа» компаниясының атқарушы продюсері:
Мұнай бағасын тұрақты түрде қадағалап келемін. Бір мәселе анық: баға күніне қырық құбылғанмен, «қара алтын» бағасы тек құлдырап келеді. Мұны мойындауымыз керек. Бұл әлбетте тұтынушылар үшін жақсы. Ал, мұнайға тәуелді елдер үшін кіріс азая бермек. Демек, экономиканы әртараптандыратын уақыт келді деген сөз.

Халықаралық талаптар да жиі бұзылады. Алпауыт ұйымдар қабылдайтын қаулы-қарарлар да қауқарсыз болып барады. «Бөліп ал да, билей бер» ұстанымы әлі өміршең.

Бүлік шыққан елге бейбітшілік орнатамыз деп әскер кіргізеді, сойқан салады. Сарапшылар соңғы бес жыл бойы қан тыйылмай тұрған Сирия мен аталған елдің басшысы Асадтың тағдыры әлемдік алпауыттардың аяусыз ойыны ғана дейді. Ал бейбітсүйгіш Қазақ елі осы орайда әлемге үлгі болды.

Саймон Анхольт, экономист /Ұлыбритания/:
Қазақстан - көпвекторлы саясат ұстанған мемлекет. Әлемдік геосаясатта өзіндік орыны бар. Әсіресе, сіздерді атом бомбасынан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде біледі.

Осы жағынан Қазақстан құрлықта имиджін қалыптастырып алды. Сонымен қатар, келер жылы Астанада халықаралық EXPO көрмесі өткелі жатыр. Бұл да елді танытуда үлкен рөл атқарады.


Қазақстанның айнымас ұстанымы — елдің бірлігі, әлемнің тыныштығы. Бір кездері алатайдай бүлінген Ауғанстанның да бейбіт өмірге оралуына еліміз мүдделік танытты. Талай тауқымет шеккен ауған жұрты болса, ашаршылықта жеген құйқаның дәмін еш ұмытпақ емес.

Хамид Карзай, Ауғанстан Республикасының ХІІ Президенті:
Қазақстан біздің мәдени-тарихи дамуымызға көп көмектесті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстанның жақсы досы, Ауғанстанды қалпына келтіру жолында біздің жақсы әріптесіміз болды. Алдымен, Ауғанстан студенттерінің Қазақстанда білім алуы үшін 1000 шәкіртақы тағайындаған Қазақстан Президенті мен қазақ халқына алғыс айтқым келеді.

Соңғы жылдары геосаясаттың сахнасы тым шытырман, бірыңғай трагедия. Қираған үй, жайраған адам, босқан жұрт. Таяу Шығыс империялардың күресетін кілеміне айналды. Ол аздай ДАЙШ сынды қатерлі ұйым пайда болды. Терроризм — араб әлемі мен ислам дүниесінің ғана бас ауруы емес, адамзаттың айықпас дертіне айналды.

Ерлан Қарин, ҚР Стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
Соңғы 10-15 жылда әлемдегі террористтік актілердің 60 пайызы бес мемлекетке ғана тиесілі. Ол Ауғанстан, Пәкістан, Сирия, Ирак тағысын тағылар. Бұл елдер әртүрлі геосаяси күштердің қақтығысында орналасқан.

Кәрі құрлықты босқындар ғана емес, Еуроодақтың біртұтастығы да алаңдатуда. 60 жыл айрандай ұйып отырған Еуропа елдерінің бірлігі қожырай бастады. 24-ші маусым күні өтетін референдумнан соң ағылшын аралы одақтан шығуы ықтимал.

Джек Стро, Ұлыбританияның бұрынғы Сыртқы істер министрі:
Біз Еуроодаққа 43 жыл мүше болдық. Дәл қазір біздің ел осы одақтан шығады дегенге үлкен сенім артып отырмын. Біреулер «кәрі құрлық бір болуы тиіс», дейді. Алайда, Ұлыбритания халқы өзі жеке өмір сүргісі келеді. Біз өзіміздің жеке дара империя екенімізді осы арқылы қуаттай түсеміз.

Ақпарат құралдары да бейбітшілік пен бірлікті, қарапайым адами құндылықтарды көбірек насихаттауы тиіс, сананы сансыратқан ақпараттар мен бүлдіргі дүниелерді емес.

Сергей Становкин, «ВВС» коммерциялық өкілдігінің басшысы /Ресей/:
Шындығында бұл әлемнің тек қара түнек қана емес, жарқын жағы да бар екенін білуіміз қажет. Ал, осы форумның және жалпы баспасөздің басты міндеті осы құбылыстарды боямасыз жұртқа жеткізу.

Қазақстан жан-жағындағы барлық көршілерімен достық қатынас орнатқан ерекше ел. Әрине, Қазақстанның бейбіт өмір мен әлемдегі тыныштық туралы сөз айтуы орынды. Өйткені, Қазақстан өз мысалымен бейбіт өмірдің ордасына айналды.


Ғаламдық талқы алаңына айналған алқалы жиын 2002 жылы тікелей Дариға Назарбаеваның бастамасымен дүниеге келді. Медиа Форум еліміздің ақпарат құралдарының тақырып алаңын кеңейтуге де жол ашты.

Харри Нанда, «Media Gurus» орталығының басшысы /Канада/:
Менің ойымша, доктор Дариға Назарбаевадай сіздің еліңізде баспасөздің дамуына үлес қосқан адамды табу қиын. Ол кісі осы форумның бастауында тұрды. 25 жыл тарихы бар жас мемлекетте қысқа уақытта баспасөздің биік деңгейге көтерілуі үлкен жетістік.

Үш күннің ішінде жаһанды жан алқымға алған, Батыс пен Шығысты толғандырған толғақты пікірлер айтылып, ашық тартыстар өтті. Медиа форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның өзі түйіндеді.

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Менің ойымша, қазір әлемдегі қиын процестер өркениеттер арасындағы қақтығыс емес, керісінше, жаһандануға бейімделу процесінің әсері. Бейімделу - өте ұзаққа созылатын, драмаға толы процесс.

Сондықтан, бүкіл адамзаттың өркениеті өзара үйлескен, өзара түсінікті және бейбіт жолға түсуі үшін бірнеше ұрпақ алмасуы керек шығар. Менің ойымша, оқшауланбай, өркениеттер арасындағы кедергіні жою керек.


ХІV Еуразия медиа форумы келер жылдың маусым айында Астанада өтеді. Шара EXPO көрмесі қарсаңында ұйымдастырылады.

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу