Астана тұрғындары жаппай сенбілік өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана тұрғындары жаппай сенбілік өткізді

24.04.2016
Астана тұрғындары жаппай сенбілік өткізді
Тұрғындар арасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та болды.

Адам баласының өмірде өз еңбегіммен тыңдырсам дейтін ұлы мұраттары көп болады. Солардың ішінде ұрпақ өргізіп, тал егіп, бақ өсіріп, үй салып, қала тұрғызудың қасиеті бөлек деп жатады. Сондықтан да, Адам ата ұрпағы осы бір үш қағидаға қашаннан бей-жай қараған емес.

Кеше Астананың тұрғындары жаппай сенбілік өткізді. Тал екті, қыстан қалған қоқысты жинап, бас шаһарды тазалады. Тұрғындар арасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Жалпыхалықтық сенбілік «Таза қала – бақытты қала» атты ұранмен ұйымдастырылды. Тазалық акциясы Астанада ай бойына жағасады.

Ширақ қимыл, сергек көңіл. Бұл Президентке тән қасиет. Жастайынан еңбекке ерте араласқан Нұрсұлтан Назарбаев үшін білек пен күрек егіз ұғым.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанмен бірге Астана да ажарланып келеді. Оны бүкіл әлем жұрты біледі. Келер жылы, EXPO-2017 халықаралық көрмесінің ашылуына қарай қаламыздың халқы 1 миллионға жетеді деп ойлаймын.

Бұл – елорда ғана емес, бүкіл республика бойынша туу көрсеткішінің жоғары болуының нәтижесі. Астанада тұрғындар саны 3-4 миллионға жетсе, ғылым мен білімнің, технологияның, медицинаның одан әрі дамуына бұдан да зор үлес қосылады.


Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 1 ай ішінде екі бірдей жаһандық жиынға қатысып, Бельгия, Иран, Өзбекстан мемлекеттеріне сапарлады. Вашингтон мен Стамбулда өткен екі саммиттің екеуінде де Елбасы салмақты әрі салиқалы пікір айтып, баршаны байыпты байламға үндеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір ай ішінде мен жетекші елдер басшыларының бәрімен дерлік кездесу өткіздім. Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит өтті, оған 50-ге жуық елдің мемлекет басшылары мен үкімет басшылары қатысты. Солардың көпшілігімен кездестім.

Жақында Стамбулда Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті өтті, оған 57 мемлекеттің көшбасшысы қатысты. Қазақстан пікірін айтып, жағдайларды айтып, түсіндіріп, сондағы қуанатын мәселе - бәрі Қазақстанды біледі, мені де таниды, Қазақстанды да біледі.

Істеп жатқан шаруалардың бәрін біледі. Соның аяғында қайтып келіп, мінеки сендермен кездесіп, көктемнің жарқыраған жаймашуақ күнінде, Астанада көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Нұрсұлтан Назарбаевтың атағы дүниежүзіне тарап кетті. Бірақ, Қазақ басшысы ешқашан қарапайымдылықтан танған емес. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету Елбасының ерекше қасиеті.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Маңдай терін тамшылатып, елорданы гүлдендіремін деп қолына күрек алған қауымның қарасы көп. Сандарға сүйенсек, сенбілікке 100 мыңнан астам астаналық қатысқан. Мемлекеттік орган, ұлттық компания мен оқу орындарының ұжымы тегіс жұмысқа жұмылды. Солардың бірі - Бейбарыс. Өр мінезді өрен сенбілік жайлы былай деді.

Бейбарыс Кетебаев, оқушы:
Әр қазақстандық таза қалада, таза аймақта өмір сүргенін қалайды. Сол секілді мен де таза қалада өмір сүру үшін осындай атаулы іс-шараға атсалысып отырмын. Болашақта келіп, күтіп-бағып отырамыз, «мұны еккен біз деп мақтанып айтатын боламыз.

Адамға қасиет әкенің күші, ананың сүтімен келеді. Бірақ, толымды тұлға болу үшін бұл аздық етеді. Ол қасиеттерді үнемі жетілдіріп отыру керек. Қызу жұмыс арасында уақыт тауып, жас буынмен жолыққан Мемлекеттің басшысы оларға «талап, еңбек, терең ой - осы үшеуі жетістікке жеткізетінін» әңгімеледі.

Әсерлі сөзден гөрі, ілкімді іске жаны жақын Президент қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің ширек ғасырын нақты іспен атап өтуге шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Егер әрбір азамат, әсіресе, жастар елді мекендерді тазарту және ағаш отырғызу жұмыстарына қатысатын болса, онда әр ауыл, аудан, қала және олармен бірге бүкіл еліміз де көркейе түседі. Тұрмысы төмендер мен жетімдерге көмек көрсету де аса маңызды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын біз осындай нақты іс-қимылмен қарсы алуға тиіспіз. Біздің керемет байтақ еліміз бар, оның жеріне ағашты көп егуіміз қажет, ол халықтың денсаулығына оң ықпалын тигізеді. Өз елін сүйетін адам оның игілігі үшін жұмыс істеп, болашағын ойлайды.

Кешегі сенбілікте елордадағы аулалар мен ойын алаңдары түгел ретке келтіріліп, барлығы 16 мың түп ағаш отырғызылды.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу