Ауыл шаруашылығына арналған жерлер шетелдіктерге және азаматтығы жоқтарға сатылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығына арналған жерлер шетелдіктерге және азаматтығы жоқтарға сатылмайды

24.04.2016
Ауыл шаруашылығына арналған жерлер шетелдіктерге және азаматтығы жоқтарға сатылмайды
Мұндай мәліметті осы аптада Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев таратты.

Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аукцион арқылы алуға болады. Бірақ, ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге және азаматтығы жоқтарға сатылмайды.

Әрі жарғылық қорының 50 пайызы бөтен елге тиесілі фирма немесе өзге мемлекет азаматтарымен бірлесе құрылған компаниялар жер сатылатын аукционға қатыстырылмайды.

Яғни, жерді тек қазақстандықтар ғана меншіктей алады. Мұндай мәліметті осы аптада Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев таратты.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
Ауыл шаруашылығына қарайтын жерлердің 1 миллиметрі де ешбір шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға сатылмайды. Жер тек қазақстандықтарға ғана сатылады. Қазақстанның 2,5 миллионнан астам гектар жері бар. Оның 100 миллионнан астамы мемлекет меншігіндегі жерлер. 10, 25, 49 жылға шартқа отырған азаматтардың құқығы бұзылмайды.

Вице-министр шұрайлы жердің барлығын бір ғана азамат сатып ала алмайтынын да айтты. Бұған заңмен шектеу қойылған. Баспасөз мәслихатында вице-министр жер не үшін сатылымға шығарылғанын да түсіндірді.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, «жалға жер алушылар аз уақытта пайдаға кенелу үшін оған түрлі тыңайтқыштарды сеуіп, нәрін сорып алады. 10 жылдан соң, тозған топырақты тастап жүре береді.

Жер кодексіне енгізілген жаңа өзгертулерге сай енді, жерді меншікке немесе ұзақмерзімге жалға алған адам оны барынша ұқыпты ұстауға мүдделі болады. Ал, шаруалардың бұған дейін игеріп келген жері басқа ешкімге берілмейді.

Хабарламаларға жазылу